Діннен қашып қайда барамыз?

11 маусым 2020 5640 0
Оқу режимі

Бүгінде дін десе ат тонын ала қашатындар әр жерде қылаң бере бастады. Қит етсе, қазіргі діндарлардың кейбір ісін айтып діннің де қадірін қашырып болған сияқтымыз. Осыны көріп бір-екі білгенімізбен бөлісуді жөн көрдім. Ұнатқан алар, ұнатпаса Абай атамыз айтқандай өз сөзім өзімдікі.

Адамзаттың тарихына үңілсек, адамдардың екі тобын көреміз: дінді ұстанатындар мен діннен безіп қашқандар. Адамдарда дін болмаса, олардың хал-ахуалы бұзылады, ниеттері мен жүректері бұзылады, күнделікті әрекеттері мен мінез-құлықтары бұзылады. Тіпті пенделердің бір-бірімен қарым-қатынасы да быт-шыт болып бүлінеді. Дін болмаса, досың дұшпанға айналады да, дін арқылы дұшпаның да дос болып кетеді. Өз өміріңізді асықпай ойлансаңыз, осыған көз анық жетеді. Бүгін қаншама адам діннен алыстаймын деп өзара жауласып тынған жоқ па? 

Адамдардың қателігі осыдан басталады. Өміріңіздің бұзыла бастауы дінге жеңіл қарап, оны қалдырып қойған күнімізден басталады. Проблемалардың бастапқы себебі сол ғана, солай емес пе? Басқаны қайдам, өзімде дәл солай болған. Халықтың бүкіл проблемасы тек қана дінді дұрыстап ұстану арқылы ғана шешіледі. Басқа жол жоқ. Жер бетіндегі адамзат тарихы бізге осылай сыр шертіп жатыр. Мысалы, Адам атамыздың белінен туған екі ұлы бар емес пе еді: Абыл мен Қабыл. Қасиетті Құранда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Сен оларға Адам баласының оқиғасын ақиқатпен айтып бер!» деп бұйырған. Оларға не болған дейсіз ғой. Олардың бірі дінді ұстанады да, екіншісі оған мән бермей тастап қояды. Солардың оқиғасы бүгінгі бізге де сабақ болуға тиіс. 

Бір күні екі ұл ер жеткен кезде оларға дін арқылы үйленіп, үй болудың тәртібі айтылды. Ол кезде Хауа анамыз әр құрсақтан екі бала туады екен, бірі ұл, екіншісі қыз. Өсіп жетілген кезде бірінші құрсақтағы ұлға екінші құрсақтағы қызбен үйлену тапсырылады. Шариғат солай болды. Әкелері мынау қыз саған, анау саған деп сол тәртіпті түсіндіреді. Сонда Қабыл: «Жоқ, мен бұл қызды алмаймын, ананы аламын», – деп қиқарлыққа басады. Міне, осы жерге мұқият мән берейік. Адам атамыз: «Қарағым-ау, мұның жарамайды, бұл Құдайдың бұйрығы ғой», – деп, әбден зар қақсайды. «Болмаса, бір ісіңді Алланың жолына бағыштап көрші, соның қабыл болса, осы ойыңның қабыл болғаны деп есептейік», – дейді. Содан екі ұлы Алла жолына құрбандық жасайды. Бірі бір қой бағыштайды да, Қабыл болса, егінінен тамақ істеп, Алла жолына ұсынбақшы болады. Сонда осы тамақ ашып кетеді де, бұл құрбандық қабыл болмай қалады. Қабыл әу бастан-ақ діннен алыстап жүрген жан еді ғой, соның салдары айқын байқалады.

Қабыл айтқанынан қайтпай, қалайда дегеніне жетуге бел байлайды. Туған бауырын өлтірейін деген пиғылға келеді. Діннен безу арқылы мақсатқа жеткісі келеді. Сонда Абылдың әйелінің басы босайды деп ойлайды. Ай-шайға қарамай бауырын өлтіріп тастайды. Жер бетіндегі алғашқы күнә осылай басталады. Ағасының мәйітін көріп өкінеді, бірақ болар іс болып қойған. Тәпсір кітаптарында Қабылдың денесі осы кезде қап-қара болып, түтігіп кеткені айтылады. Енді мәйітті не істейді, тастап кете ме, арқалап жүре ме, басы жетпей қояды. Сонда құдіреті күшті Алла оған екі қарғаны көрсетеді. Олардың бірі екіншісін өлтіріп қояды да, сосын тірісі жер қазып, соған өлісін көмеді. Бұл да шариғат еді. Қабыл да солай жасайды. Міне, осы күннен Қабылдың бүкіл қасіреттері бастау алады. Сүйікті Пайғамбарымыз айтқандай, жер бетінде қандай да бір қан төгіс болса, соның күнәсінің бір бөлігі Қабылдың әруағына барып тұрады. Өйткені ол жаманшылықты алғаш бастап, соған жол салып кетті.

Міне, тарих осылай кете береді.

Бұл дінді тәрк еткеннің ақыры жақсы болмайтынын айқын мысалы. Дінсіз мына өмірде бақытты боламын деудің өзі бос әурешілік қана. Міне, сол үшін Алла қай ғасырдың адамын болса да, алдымен дінді ұстануға бағыттайды. Сонда ғана адамның нәпсісі тәрбиеленеді, қоршаған ортасы жақсарады, мінез-құлқы әдеміленеді. 

Көркемдеп айтқанда, дін деген жаңбырдың суы секілді. Түскен жеріне тіршілік сыйлайды. Өсімдікке де, малға да, адамға да! Барлық тіршілікке су себеп. Құранда осыған қатысты қасиетті аят та бар.

Дәл сол секілді жүректер де дін арқылы тіріледі. Жаңбыр болмаса, бәрі шөлдеп, қурап, жер бетін құрғақшылық басады. Жаңбырменен жер көгереді деген қазақы түйіннің астары осында. Қарап тұрсақ, діннің де мысалы осындай. Жаңбырсыз жердің құрғақшылығы секілді дінсіз қоғам да рухани құрғақшылыққа ұшырайды. 

Адамзат болып нені бүлдірсек те, дінді белден басу арқылы бүлдіргенбіз.  Қазір «Дінді қойшы» деп бұған үстірт қарайтындар осы жағын ойланулары керек.  Әрине, адамзатқа жақсылық та, пәлекет те, зауал да бірден келмейді. Ақырын-ақырын біртіндеп келеді. Сосын солардың астарында дін жатқанын сезбей де қаламыз. Алланың хикметі сондай. Қазіргі әлемді жайлаған індеттің де астарын осыдан іздеген мақұл.

Шындығында, Алла Тағала барлық құлдарын анық көруші, олардың барлық істерінен түп-түгел хабардар. Барлық ісімізді Құдай көріп, бақылап тұрады. Дұрыс па, бұрыс па? Бірақ күналардың салдары көбінесе, кешігіп келеді. Ендеше, дінге жеңіл қарауға болмайды, ағайын! Барлық қайғы-қасіретіміз дінді тастап қойғаннан келіп шығады. Бақытты өмір де діндарлықпен келеді. Осыған терең мән берсек екен дейміз...

Бұл айтылғандарды ақыл айту деп емес, көкейдегі ойларды бөлісу деп қабылдарсыздар. Бұл жерде діндар болу деген еңбек етпей жатып алу, ғылым-білімнен мақұрым қалу деген сөз емес, әрине! Діндарлық деген дүние мен ақиреттің істерін дұрыс саралап, соған қарай өмір сүру деген сөз.

Алла әрбір отбасына, елімізге, жерімізге береке берсін деп тілейміз. 

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру