КӘРІС ХАЛҚЫНЫҢ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ
Қолбасшысыз әскер – анасыз сәби секілді.
*
Әріп – жауынгер, мағына – генерал.
*
Билік болса, жақтаушылар табылады.
*
Будданың бет-әлпеті мүсіншіге байланысты.
*
Ұста көп болса, қабырға қисық.
*
Қожайыны көп үйде қонақ аш қалады.
*
Аш жолбарысқа ит не, монах не – екеуі бірдей.
*
Қаланың жаңалығы алдымен ауылда айтылады.
*
Жалғыз қараған қойылымның қызығы жоқ.
*
Әдемі ертегіні күнде тыңдасаң да мәні кетпес.
*
Ұрлық он қарауыл жүрген жерде жасалады.
*
Жалғыз жүрген жол ұзақ.
*
Адамның ойын оқу – ескі тиынның санын білу секілді қиын.
*
Ақымаққа әдемі киім кигізсең де ақымақ болып қалады.
*
Аспан жерге құласа да, шығатын тесік табасың.
*
Біреудің жұмысын жазда істесең де қолың тоңады.
*
Енесіне ашуланған адам итін ұрады.
*
Білім – күмәннің бастауы.
*
Үлкен төбелес кішкене ұрыстан басталады.
*
Туған жердің қарғасы да сүйкімді.
*
Адам біреудің бойынан өзінде бар кемшілікті көрер.
*
Киттер төбелессе, шаяндар өледі.
*
Әдемі гүлдің бәрінен жақсы иіс шықпайды.
*
Жалқау адам ұзақ жуынады.
*
Жолбарыстан шошынған мысықтан қорқады.
*
Жазым келем десе, жұмыртқадан да қылқан шығар.
*
Даудың жақсысы жоқ, дұғаның жаманы жоқ.
*
Достықтың жоғалуына бір сөз жеткілікті.
*
Тамақ ұнамаса, итке бересің;
адам ұнамаса, сабыр етесің.
*
Үш күн ашыққан адам ұры болады.
*
Тамырсыз ағаш жапырақ жаймайды.
*
Шашылған күрішті жинап аласың,
айтылған сөз қайтып келмейді.
*
Отансыз адам қаңғыбас иттен де жаман.
Дайындаған Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ