Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттері

23 желтоқсан 2019 8227 0
Оқу режимі

Адам баласының бойындағы ең құнды сезімдерінің бірі – адамгершілік. Адамгершілік қасиет болмаса, жер жүзін бұзақылық жайлап, тіршілік атаулысы болмас еді. Ал, адамгершіліктің ең үлкен нышаны – бауырластық пен татулық. Кез келген ел мен мемлекеттің билігі бекем тұрып әрі қарай дамуы осы татулық арқылы жүзеге асады. Егер татулық пен ауызбіршілік кеткен болса, араздық пен өшпенділік орын басып, әр пенденің жүрегіне қорқыныш әрі сенімсіздік ұялатады. Ондай қауымның болашағы да болмайды.

Адамдарды бауыр қылатын көптеген себептер бар. Бірі отандасым десе, бірі бауырым дер. Бірі құрдасым десе, бірі туысым дер. Әр адамның араласатын ортасына қарай бауырластық шеңбері ұлғая береді. Осы шеңбердің ең үлкені – сенім арқылы бауырластық. Және бұл бауырластық тек Ислам діні арқылы жүзеге аспақ. Себебі, пенде кәлима шахадат айтып, бір Жаратушы Жаббар иеміз болған Аллаға иман келтірген кезде, біте қайнасқан мағынауи байланыс пайда болады.

Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 10-шы аятында:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – деген болатын.

Пайғамбарымыздың хадисінде:

المسلم أخو المسلم لا يظلمهُ ولا يسلمه

«Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды және сатпайды»[1].

Ия, бауырмалдық қағидасы «кім бауырына жәрдем берсе, оған Алла жәрдем береді» деген негізге сүйене отырып, жүрегінде иманы бар адамдарды Алланың құзырында тоғыстырып, бір-біріне жанашыр, туыс қылады. Тіпті, жай ғана жолыққанның өзінде де «әс-Сәләму ғалейкум» деп бір-біріне амандық-есендік тілеу – әр мұсылман адамға уәжіп болған амал. Амандасу арқылы дұға тілек тілеу уәжіп болса, онда амал жағынан келгенде татулықты, достықты арттыратын іс-әрекеттерді атқару парыз болып табылады емес пе?

Имам Ғазали айтады: «Кімде-кім ғалымды, Алладан қорқатын адамды, ілім алып жүрген бауырын немесе жақсылық жасайтын, құлшылығын орындайтын пендені жақсы көрсе, онда оның сауабы да соншалықты көп болады».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде мұсылман адамдардың арасында бауырмалдылық арттыру жолдарын нақты көрсетіп кеткен. Имам Муслимнің хадистер жинағындағы мына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дегені келтіріледі:

خمس تجب للمسلم على أخيه رد السلام وتشميت العاطس وإجابة الدعوة وعيادة المريض واتباع الجنائز

«Мына бес амал мұсылман адамның бауырына жүзеге асыру уәжіп: сәлеміне жауап беру, түшкіргенде тәшмия айту, яғни егер түшкіріп  «Әлхамдүлиллә» деп айтса, оған «Ярхамукум Алла» деп, Алладан жәрдем тілеу, шақырғанда жауап беру, ауырғанда көңілін сұрап зиярат ету және жаназасына қатысу»[2].

Осы бес амалдың алғашқысы – ең қарапайым болған іс-әрекетіміз сәлемдесу. Амандасу бауырмалдылықты арттыру кезінде ең керекті құрал болып табылады. «Сәлем – сөздің басы» демекші, бұл хадистің басында келіп осыны меңзеп тұр.  Құран Кәрімде: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!»[3] – деп әмір еткен.

Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулулла! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда: «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген екен[4]. Сәлемдесуді ең жақсы амал деген себебі адам арасында татулықты, ауызбіршілік сақтау – Ислам дінінің мақсат етілген басты критериясы. Оны жүзеге асыру да ең бірінші сәлеммен іске аспақ. Жүректегі махаббатты оятатын амал да осы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асхабтарынан: «Бір-бірлеріңді жақсы көрулерің үшін не істеу керектігін айтайын ба?!» - деп сұрап, іле-шала «Өз араларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар», – деген екен.

Мұсылманның мұсылманға деген міндеттеріміздің екіншісі – түшкірген кезде «Әлхамдүлилла», яғни Аллаға мадақ десе, «Ярхамукум Алла» деп дұға айту. Жалпы الْعُطَاسُ مِنَ اللَّهِ ، وَالتَّثَاؤُبُ مِنَ الشَّيْطَانِ  «Түшкіру – Рахманнан, есінеу – шайтаннан»[5] делінген сахих хадис те келеді.

Түшкірген адамға айтылатын (يرحمك الله) «Ярхамукалла» Алла сені рахым қылсын деген дұға сөзге келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалармен отырған кезде Адам атаның жаратылысы туралы баяндап келіп былай деді:

لما نفخ في آدم فبلغ الروح رأسه عطس فقال : الحمد لله رب العالمين فقال له تبارك وتعالى  يرحمك الله

«Алла Тағала Адамға (ғ.с.) рухты үрлеген кезде Адам түшкірді де: «Әлемнің Раббысына мақтаулар болсын деп айтты. Сонда Алла Тағала: «Алла сені рахым етсін деді»[6].

Демек, Адамның (ғ.с.) ең алғаш істеген амалы түшкіру болса, Алланың адамға деген ең алғаш тілегі – Рахымы мен Мейрімділігі. 

Мұсылман мен мұсылман арасындағы мәмілесі дұғамен басталып дұғамен аяқталады. Себебі, «Алланың жанында дұғадан асқан құнды нәрсе жоқ».[7] Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендерге дұшпаннан қорғайтын әрі ризықты молайтатын бір нәрсені айтайын ба? – деп сұрап, кейін: «Күндіз-түні Аллаға дұға етіңдер. Өйткені, дұға – мүміннің қаруы»[8], – деген. Ал, «Бір мүміннің бауырына жасаған дұғасындай жылдам қабыл болатын дұға жоқ»[9].

Біздің бауырымыздың алдындағы міндетіміздің тағы бірі – науқастанып қалған кезде зиярат етіп, жағдайын сұрап бару. Себебі, адам діндес бауырын жалғыз тастамауы керек. Аманшылықта да, қиыншылықта да жанынан табылу – әр мұсылманның бауыры алдындағы міндеті. Шын дос қиыншылықта танылады демекші, басына күн түскенде таба алмай қалатын бауырларымыз да бар.

Ал, Пайғампарымыз (с.ғ.с.) ауырған адамды танысын танымасын, туысы болсын-болмасын зиярат етуді бұйырған әрі өзі де соны амалға асырған. Мәселен, Айша  анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Сағд ибн Муаз (р.а.) Хандақ соғысында жараланып, науқастанып қалған кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым өзі қадағалап, жазылып кеткенше қасында болған деп келеді[10]. Құдси хадисте Алла Тағала ақыретте бір пендесіне былай дейді екен:

يَا بْنَ آدَمَ مَرِضْتُ فَلَمْ تَعُدْنِي ؟ قَالَ : يَا رَبِّ كَيْفَ أَعُودُكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ قَالَ : أَمَا عَلِمْتَ أَنَّ عَبْدِي فُلانًا مَرِضَ فَلَمْ تَعُدْهُ ؟ أَمَا عَلِمْتَ أَنَّكَ لَوْ عُدْتَهُ لَوَجَدْتَنِي عِنْدَهُ؟

«Мен ауырып қалғанда көңілімді сұрап келмедің бе?»  Сонда әлгі пенде: «Уа, Раббым! Сен әлемдердің Жаратушысы бола тұра мен сені қалай зиярат етемін?!» – деп айтқанда, Алла Тағала былай дейді екен: «Пәленше пенде ауырған кезде, сен оны зиярат еткеніңде, Мені соның қасынан табатын едің»[11]

Демек, науқастанып қалған адамды зиярат еткен болсақ, Алла Тағаланы да зиярат еткен болады екенбіз. Және зиярат етуімізбен шексіз сауаптарға кенеледі екенбіз. Осының баршасы – бауырмашылықты арттыруға ұмытшақ пендені қызықтыратын хадистер.

Хадисте келетін бауырымыздың алдындағы тағы бір міндетіміз – өмірден озған кезде жаназасына қатысып, артынан дұға жасап, шариғатқа сай жерлеу болып табылады. Бұл амал да дінімізде бауырымыз үшін жасалуы міндет болғанының себебі, діндес бауырымыз бұл өмірден өткесін амал дәптері жабылып, тек дұға есіктері ашық болады. Және ол адамға ешқандай жәрдем болмайтын қиямет күні бауырының дұғасы Алланың қалауымен шапағатшы болмақ. Бұл дүниеде ешқандай қиыншылықта тастамаған бауыры ақыретте де Алла Тағала қол үшын беріп, дұға арқылы жәрдем беруге мүмкіншілік берген. 

Бауырымыздың алдындағы бұл міндетіміз үш дәрежеден тұрады:

  1. Жаназа намазына қатысу,
  2. Жаназа намазына қатысып, жерлеуіне бару,
  3. Жаназа оқуына да, жерлеуіне де қатысып, артынан дұға қылып жүру.

Біздің бауырымашылығымызды арттыратын да, көрсететін де осы амалдар. Дініміздің беріктігі – татулықта. Жүрегіміздің тыныштығы –бейбітшілікте. Өзге адамдардың бойында жоқ бұл қасиеттерді әдетке айналдырып, ұмытылып бара жатқан сүннеттерді тірілтейік. Онсызда кейбір жастар сенің ақидаң анадай, менің ақидам мынадай деп ақида мәселесін ортаға салып, амандасудан да қалып жүр. Ақиданың дұрыс, бұрыс екенін шешуін ғалымдарға берейік те, Омар (р.а) Қағбадан да құрметті деген достықты, бауырлықты ұмытпайық, ағайын!!!

 


[1] Бухари, «әл-Мазалим», 2310.
[2] Сахих Муслим, 2162.
[3] «Ниса» сүресі, 86-аят.
[4] Имам Бұхари, имам Мүслім
[5] Тирмизи, 2689.
[6] Ибн Хиббан, 2081.
[7] Тирмизи, «Дауағат», 1/3370.
[8] Хайсами, «Мәжма», 147
[9] Тирмизи, «Бир», 50.
[10] Бұхари, «Жанаиз», 30.
[11] Муслим, «Ғиядатул марид», 43.

Руслан Сұлтанов

Пікірлер Кіру