Пайғамбардай жұмсақ бол!

10 шілде 2020 6140 0
Оқу режимі

Ислам дінінің барлық жағына қарасаңыз жұмсақтық деген сипат міндетті етіп алынғанын көресіз. Мейлі ол фиқһ, қоғамдық қарым-қатынас, сауда-саттық кезінде дос болсын, не дұшпан болсын, барлық жерде жұмсақтық талап етіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің көптеген хадистерінде Алла Тағала пенделерінің де жұмсақ болғанын жақсы көреді деп айтқан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін зерделеп көрген жан да ол кісінің өте жұмсақ мінезде болғандығын бірден мойындар еді. Мұның барлығы мейірімді және рақымды Алла Тағаланың пенделеріне жұмсақ болуын бұйырғанынан деп түсінуіміз тиіс. Міне, осы жайттар Ислам діні менен жұмсақтықтың арасында тығыз қарым-қатынастың бар екенінінің айқын белгісі.

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарына қарата былай дейді: (Ей, Мухаммед) Алла тағала тарапынан берілген мархамат себепті оларға (сахабаларыңа) жұмсақ сөзді болдың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болғаныңда еді, әлбетте, айналаңнан (бәрі де) тарқалып кеткен болатын еді. Сондықтан оларды кешір, олар үшін Алладан жарылқау сұра және істеріңде олармен кеңес (Али-Имран 159). Міне, осы аятқа зер салып қарасақ, Алла Тағала сүйікті Пайғамбарына (с.ғ.с.) жұмсақтықты бергенін міндет етіп айтып жатыр, және сол қалпында жүрісін жалғастыруына бұйырып отыр. Пайғанбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де бір хадисінде былай дейді: «Жұмсақтық қай нәрседе болса оны көрікті етеді, ал қай нәрседен кетсе оны көріксіз етеді».

Осы күнге дейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихын зерттеген жүздеген еңбектер жазылды. Олар мұсылман ғұламалары, не  шығыстанушылар тарапынан жазылса да, барлығы бір ауыздан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адам баласының ішіндегі ең мейірбан-жұмсақ жан болғанын мойындады. Әйтсе де өздерін «Пайғамбардың сүннетімен жүреміз» деп емеурін білдіретін кей топтардың бойынан мұсылман бауырларына деген жұмсақтық емес, қатігездіктің жаман лебі сезіліп жүр. Солардың себебінен дүйім жұрт Ислам діні қатігез дін деген ойға шұлғып жатқаны да жасырын емес.

Мұсылманшылықты ұстанған ата-бабаларымыз да халық арасындағы бауырмашылдық пен бірлікті, ынтымақ пен ағайындықты нығайтуда әрқашан жұмсақ мінезді болуды насихаттаған.

Жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауыр-ластыққа шақырса, түксиген қабақ, тоңторыс мінез, қатқыл жауап, дөң айбат, не дөрекі сөйлеу – адамның мәдениеттен жұрдай екенін сездіріп, адамды адамнан суытады, көңілін қалдырып, өкпе-ренішке соқтырады. Сондықтан, адамдардың қайсыбір қылықтарына сабыр етіп, жұмсақ бола білсек, онан асқан мұсылмандық бола ма?

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру