АЛЛАНЫҢ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТ ДАРЫТҚАН ҚҰЛДАРЫ ЖӘНЕ ӘУЛИЕЛЕРДІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ….

25 қараша 2026 61 0
Оқу режимі

Адам ақылы түсіндіре алмайтын нәрсенің бәрі мүмкін емес деген сөз емес. Өйткені Алланың құдіретінде адамның ақылы жете бермейтін, тылсым сырлар өте көп.

Құранда Алланың кейбір құлдарына ерекше нығмет пен қасиет беретіндігі айтылады.

Мысалы, Сүлеймен пайғамбардың заманында Балқис патшайымның тағын көзді ашып-жұмғанша алып келу оқиғасы бар. Сол кезде кітаптан хабары бар бір кісі:

«Мен оны сен көзіңді ашып-жұмғанша алдыңа алып келемін», – дейді. («Нәміл» сүресі, 40-аят).

Бұл оқиға Алланың қалаған құлына ерекше білім мен қабілет бере алатынын көрсетеді. Адам баласы оның сырын толық түсіне бермеуі мүмкін.

Сондай-ақ Алла пәктеп, ерекше таңдаған Мәриям анамыз бар. Алладан ерекше білім мен рақым берілген Хызыр бар. Бұған қоса, Алланың сүйген ізгі құлдарына беретін кереметтері де бар. Бірақ мұның мәні біреудің ерекше күшке ие болуында немесе өзін өзгелерден жоғары санауында емес. Ең бастысы – Аллаға шын берілу, жүректің тазалығы, тақуалық және әрдайым Оған мұқтаж екеніңді сезіну.

Өйткені нағыз керемет иесі болған адам өзін өзгеден биік санамайды. Керісінше, Алладан көбірек қорқып, кішіпейіл болып, берген нығметіне шүкір етеді.

Адам білмейтін нәрсенің бәрі Аллаға мәлім. Біздің ақылымыз бен түсінігіміз жетпейтін нәрселер Алланың құдіретіне ешқашан тосқауыл бола алмайды. Алла Тағала Құранда:

«Сендерге білімнен өте аз ғана нәрсе берілді», – дейді. («Исра» сүресі, 85-аят).

Алла Тағала қалаған құлына өзінің шексіз мейірімі мен нығметін нәсіп ете берсін.

 

Bekzhan Azhimov

Пікірлер Кіру