ДІНИ ТӘЖІРИБЕ ҺӘМ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ОРНЫ

21 ақпан 2024 640 0
Оқу режимі

Адам рухының тыныштығы үшін өзін мазалаған «сұрақтарға» жауап алу, қанағат табу, уәжді тұжырымдар іздеуі табиғи жағдай. Бірақ «дәлелдің жоқтығы, сол жоқтың дәлелі емес». Егер дәлел жоқ деп отырса, мұсылмандар тарих бойы, Құраннан, содан соң суннадан, ижмадан, қиястан жауап іздеп әуре болмас еді. Қала берді мазхабтар, фиқх, калам мектептері қалыптаспаған болар еді. Бұлар мұсылмандардың бүгінге дейінгі діни тәжірибесі. Рас қазіргі жахандық үдерісте, жастарымыз өз бетінше іздену, не оқудан гөрі дайын таным, мәлімет, не құлақтан естіп, «тақлиди» иман деңгейінен шығудан қашады. Оның да психологиялық себептері жоқ емес әрине. Ақиқатты Алламен, адаммен, діни тәжірибемен, нақылмен салыстырып отыру адамның табиғатында бар құбылыс. Осылардың ішінде ақиқатты Алламен салыстырып, өздерін кішкентай ғана айна ретінде танытатындар болған тарихымызда. Солардың бірі әрі бірегейі Иасауи бабамыз.

Қазақ мұсылмандық танымы Ханафи, Матуриди және Иасауи ілімі арқылы қалыптасты. Қазақтың тарихи тұрғыдан мәдени, ұлттық болмысқа айналуы құбылысының мазмұнында ислам жатыр. Бұл ақиқат ғылыми, культурологиялық және антропологиялық шарттар мен қалыптарға сай келетін тұжырымдама. Сондықтан қазақ қай кезде де өзінің қасиеті мен қорғанын исламнан, өзінің өткен тарихи жолынан іздеген. Кешегі моңғол шапқыншылығы, жоңғар зобалаңы, орыс отаршылдығы, керек десеңіз кеңестік режимнің қыспағы кезінде де халық өз дінінен пана тапқан. Қазақ халқы өз тарихының қай кезеңінде болмасын ең бір қиын-қыстау замандар мен тығырыққа тірелген күндерде елді ұйытып, рухани жағынан тәлім-тәрбие беретін рухани көсемдері – сопы, әулие, ишандарды тарих сахнасына шығарып отырған. Кейбір осындай тұлғалар жалпы халықтық деңгейге көтеріліп, олардың іс-әрекеттері мен қызметтері ел есінде ұмытылмастай сақталып қалса, кейбір тұлғалардың қоғамдық қызметтері аймақтық деңгейде болып, олар сол өңірлердегі халықтың жадында жатталып қалды. Отарлық езгінің күшеюіне қарсы тұра алатын, елді шашыратпай ұйыта білетін, отарлаудың бір бөлігі болып саналған шоқындыру саясатына рухани бірлік пен имандылықты тосқауыл етіп, ту еткен тұлғалардың тарих мінберіне көтерілуі табиғи құбылыс еді.

Діни тұлғалар – имамдар отаршыларға қарсы халықты біріктіріп, еркіндік үшін, дін үшін күресіп, сол кездегі езгіге қарсы тұрды. Діни тәжірибемізде имам қашанда мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. Имам – арабша «елдің алды, қоғам айнасы, лидер, көсем» деген мағыналарды білдіреді. Имам – алдымен тұлға. Имам тұлғасы оның ісі мен білімінің, амалы мен хәлінің тұтастығынан нәр алып, дінді, мәдениетті, ұлтты, қоғамның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығына өз өмірін арнайтын жанпида, Хаққа қызметін халыққа қызмет ету деп білетін саналы, жан жақты білімді азамат. Имам – тек мешіттің ішінде ғана жауапты емес, ол тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, мемлекеттің баяндылығына тікелей жауапты тұлға.

Біздің діни тәжірибемізде көптеген дін ғұламалары болған. Бүгін солардың тарихи орны мен мұралары туралы тұжырымды ой айтылуы тіис. Бұл шындығында жастарымызда осы ұлы даладан шыққан ғұламаларымыздың мұрасына деген иелік пен сенім отын ұялататыны сөзсіз. Қазақ елі Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде фиқх бойынша Әбу Ханифа мазһабында, ақида бойынша Матуриди жолын, ал ар ілімінде Иасауи тәжірибесімен астасып жатыр. Ыбырай, Абай, Майлықожа, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім тағы сол сияқты тұлғаларымызды тану орта ғасырлық мұраларды игерудегі алтын көпір іспеттес.

Жалпы діни тәжірибе арасындағы сабақтастықты құру, дамыту, жаңғырту бұл тікелей ғалымдардың ісі: Қазақстан және Орта Азия аумағының тарихи-діни мұраларын зерттеу жұмыстарын жүргізу; Қазақстан және Орта Азия аумағының тарихи-діни мұраларын заманауи ғылыми әдістермен зерттей отырып қоғамның назарына ұсыну; Мұсылман әлеміндегі діни, әлеуметтік, мәдени және интеллектуалдық өзгерістер мен дамуды қадағалап, талдау жасап отыру; Ислам зерттеушілері, ғылым адамдары мен дін мамандары үшін білім базасын қалыптастыру, еліміздегі және шет елдердегі ғылыми және академиялық ұйымдармен байланыстар қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізу.

Досай КЕНЖЕТАЙ

 

Пікірлер Кіру