Ең қымбат зат

17 маусым 2019 10791 0
Оқу режимі

Өмірде отбасыдан, жақын адамдардан маңызды нәрсе жоқ. Ең дұрыс уақыт инвестициясы – ол біздің жақындарымызбен өткізген жайма шуақ күндеріміз. Алайда, кей кездері бұл сөздерді ақылымызбен түсінсек те, іс-әрекетімізбен керісін жасаймыз. Уақыт бөлуді қажет ететін адамдарға көңіл аудармаймыз. Ол ата-анамыз, туған-туыстарымыз, бала-шағамыз немес дос-жарандарымыз болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда өз уақытымыздың «жемқорына» айналудамыз, яғни өзімізге ұнайтын, бірақ маңызсыз дүниелерге уақыт бөлудеміз. Өмірлік «кестемізді» қайта қарап, жақындарымызға бөліну керек болған уақыттарын соларға арнау қажет.

Өкінішке орай, бізде әрқашан «уақыт жоқ» және де бізді қоршаған әбігерлік  бізге ойлануға да мұрша бермейді. Бізге біреу келіп ескертпейінше, сол баяғы қалыппен өмір сүре береміз. Бірақ уақыт өтуде, ал біз кеш қалмасақ болғаны. Төмендегі қысқа ғана әңгіме баршамызға бір серпіліс беріп, өмірлік құндылықтарымызды қайта қарауға себеп болады деп ойлаймын.

Талғат бала кезіндегі көршісі Терекбай атаны көрмегеніне ұзақ жылдар өткен еді. Жоғары оқу орны, жұмыс, карьера - өмір өз ағысымен жүріп жатты. Мақсатына жету жолында күні-түні аянбай тер төкті. Өмірінің қиындап кеткені сонша - өткенді ойлауға шамасы келмеді, тіпті өз жұбайы мен ұлына да уақыты қалмады.

Алайда, ол өз болашағының қамы үшін еңбектенумен болды және ешнәрсе оған кедергі бола алмайды деп ойлады. Күндердің бір күнінде ауылдан анасы қоңырау шалып, Терекбай атаның дүниеден өткенін хабарлады. Жаназасы осы аптаның сәрсенбісінде өтпекші екен.

Ол көрші атаны есіне алмағанына біршама уақыт өткен еді. Тіпті оны бірнеше жыл бұрын өмірден өтті деп ойлап жүрген. Бірақ анасының айтуынша, Терекбай ата оны ұмытпай, әруақытта хәл-жағдайын сұраумен болыпты. Ата кішкентай Талғаттың өзінің үйінде өткізген күндерін жадынан шығармай, әрдайым анасына айтып жүрген екен. Талғаттың әкесі көз жұмған күннен бастап, Терекбай ата баланы қамқорлығына алып, өзінің бала-шағасы болмаса да, әкелік жылуын аямады.

Талғат өміріне қажетті талай пайдалы дүниелерді осы көрші атасынан үйренген еді. Тіпті, ағаш кәсібін сол кісіден игеріп, соның арқасында қазір жиһаз шығаратын үлкен холдингтің президенті атануда.

Уақытының тығыздығына қарамастан, Талғат жаназаға баруға шешім қабылдады. Сәрсенбі күні таң атысымен ұшаққа отырып, тездетіп ауылына жетті.

Сәрсенбі күнінің бесінінде жаназа намазы оқылды. Имамның артында он шақты ғана адам ұйып тұрды. Себебі, көрші атаның жақын туыстары жоқ еді. Талғат жаназа намазы аяқталғаннан кейін, көрші атасының үйіне кіріп шығуды ұйғарды. Балалық шақтағы балдәурен кездерін, суретті кітапты ақтарғандай, бір сәт есіне алды. Кішкентай кезінде қолы қалт етсе болды көрші атаның үйге жүгіретін және кешке дейін ағаш жонып, үйіне жайдарлы көңіл күйде қайтатын.

Үйдің ішінде ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі қаз қалпында тұр. Үйдің әрбір бұрышы, әрбір жиһазы Талғатқа жылы көрінді. Талай рет осы үйде атасымен тығылыспақ ойнағаны есінде.

Кенеттен көзі бір өзгерісті байқады. Өзіне жақсы таныс бір затты таба алмады. Ол – бір кішкене ғана ағаштан жасалған қорапша еді. Көрші ата ол қорапты көзінің қарашығындай сақтайтын. Балалық шағында Талғат бұл қораптың ішінде не бар екендігін атасынан бірнеше мәрте рет сұрағантұғын. Алайда, Терекбай атаның жауабы өзгермейтін, әрдайым «Мен үшін ең қымбат нәрсе» деп қана жауап беретін. Енді міне, ол зат орнында жоқ. Талғаттың көңілі құлазыды, ол енді ешқашан сол бір қораптың құпиясын біле алмайтын кететіндігіне налыды.

Екі апта өткен соң Талғаттың ұялы телефонына Қазпоштадан хабарлама келеді. Онда өзінің атына арнайы сәлемдеменің бар екендігі жазылған еді. 

Келесі күні ертесімен көлігіне отырып, поштаға жол тартты. Сәлемдемені ашылмаған күйі көлігінің артына лақтырды да жұмысына қарай бет алды. Кабинетіне кіре сала сәлемдемені үстелдің үстіне қойып, күнделікті жұмысына кірісті. Бір кезде ол  сәлемдемеден таныс адамның жазуын байқады. Иә, ол жазу көрші Терекбай атаның «Талғат балама» деген жазуы еді. 

Талғат сәлемдемені асығыс ашып, ішінен сол баяғы өзі іздеген қорап пен жазу жазылған жарты парақты көзі шалды. Парақта «Мен дүниеден өткеннен кейін бұл қорапты ұлым Талғатқа берулеріңді өтінемін. Бұның ішінде өмірімде маған ең қымбат зат сақталған» деп қана жазылған еді. Талғаттың көзіне жас келді. Дірілдеген қолымен конверттің ішінен кілтті алып, ағаш қорапты ашты. Кораптың ішінде қақпағында жазуы бар кішкене келген қалта сағаты жатты. Ол көз жасына ерік берді. Оның жылауына себеп болған «Талғат, ұлым, маған арнаған әрбір уақытың үшін алғысым шексіз» деген бір ғана сөйлем еді.. 

Шынымен де, Терекбай ата үшін өміріндегі ең қымбат нәрсе – баласымен өткізген уақыты. Талғат қаншама жыл әке орнына әке бола білген адамға бір рет те хабарласпағаны үшін өзін жазғырумен болды. Жалған дүниенің жылтырағына алданып, жақын адамына уақытын бөле алмағандығы оның жанын жегідей жеді. 

Бірнеше минут қол сағатты ұстап тұрып, сәлден кейін хатшысы Зейнепті шақырды да, барлық кездесулерін кейінге қалдыруды сұрады. «Неге?» деген сұраққа жәй ғана «Ұлыммен уақыт өткізу үшін» деп жауап қатты. Кабинетінен шығып бара жатып «Зейнеп, маған бөлген әрбір уақытың үшін рахмет» деді. 

Біреу үшін ең қымбат сыйлық – ол сіздің уақытыңыз, себебі сіз ешқашан қайтадан қайтара алмайтын нәрсені сыйға тартудасыз. Жақын адамға деген махаббатты білдірудің жақсы тәсілі – оған көңіл бөлу және арнайы уақыт арнау. Күнделікті күйбең тіршілік қамымен кей кезде шынымен де маңызды нәрселерге көңіл бөлмей, болмашы дүниелік заттарға қол жеткізу жолында өміріміз өтуде. Басымдықтарымызды қайта қарайтын және біз үшін ең қымбат нәрсені анықтайтын уақыт келді деп ойлаймын.

Ал, сіз үшін дүниедегі ең қымбат зат не?...

Көпен Әділет
ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру