ИХСАН ІЛІМІ (Жиырма төртінші күн)

13 наурыз 2026 115 0
Оқу режимі

13 наурыз

Жиырма төртінші күн

ИХСАН ІЛІМІ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресі, 90-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُون

«Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыйады. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – деп айтқан.

«Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдірсе, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді.

Ихсан – адам жүрегін түрлі рухани дерттерден тазартып, сол арқылы мінез құлқын көркемдеп, әрбір ізгі амалын кемелдікке жеткізетін ілім.

Абай Хакімнің де өз шығармашылығына арқау болған жүрек амалдары, оның дерттері, адамның кемел де толық адам болуы үшін қажетті сипаттар тақырып болған. Мысалы, Хакім өзінің он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті», – деп бастайды. Сонда жүрек:  «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті», – дейді. Осыны тыңдап болып ақыл: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, – депті», – деп, жүректің адамның рухани тәрбиесіндегі орнын осындай ғибратты мысал арқылы жеткізген.

Тағы өлеңінде Хакім Абай «Бес асыл істе» нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанда»:

Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

– Бес дұшпаның, білсеңіз... – деп адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Осы бес дұшпан деп аталған, сипаттардың қайсыбірін алсақ та дінімізде тыйым етілген, мұсылман адам үшін сақтануы қажет іс.

Жүнәйд Бағдади (Алла оны рақымына алсын): «Шынайы ихсан жолындағы адам деп, жүрегін Алла Тағаладан өзгеден тазартқан адамды айтамыз», – деген.

Сондықтан Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 

 

«Ихсан дегеніміз Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, сен Алланы көре алмасаң да Ол мені көріп тұр деген сезімде болуың», – деген.

Ихсанды жай ғана діни міндетті орындау деп түсінбеу керек, мұсылман адам әрбір құлшылығын жүрекпен сезініп, шынайы ықыласпен атқаруы тиіс.

Ислам ілімінде ихсан үш негіздің бірі ретінде саналады, олар: иман (сенім), ислам (амал), ихсан (шынайылық). Егер иман жүректегі сенім болса, ислам – сол сенімді іс-әрекетпен дәлелдеу деген сөз. Ал ихсан сол амалдарды ең көркем түрде, ең таза ниетпен орындауды білдіреді. Яғни адам намаз оқыса, оны жай парыз болғаны үшін ғана емес, Алланың алдында тұрғанын сезініп оқу; біреуге көмектессе, мақтау үшін емес, шынайы мейіріммен көмектесу міне, бұл ихсанға жатады.

Қорыта айтқанда, ихсанды түсінудің қарапайым жолын оны «ар-ұжданның биік деңгейі» деп қарастыру керек. Адам жалғыз қалғанда да адал болса, ешкім көрмесе де әділдік танытса, ол нағыз ихсанға жатады. Бұл ұғым тек құлшылықта емес, күнделікті өмірде де көрінуі тиіс. Мысалы, ата-анаға құрмет, көршіге жақсылық, әрбір тапсырылған жұмысты сапалы орындау, осының бәрі – ихсанның көрінісі.

Сондықтан ихсан – адамның ішкі дүниесін тазартуға, әрбір істі көркем түрде атқаруға шақыратын рухани ілім. Ол адамды жауапкершілікке, ықыласқа және шынайылыққа тәрбиелейді. Ихсанды түсіну өзіңді әрдайым Жаратушының назарында сезіну арқылы өмір сүруді үйрену деген сөз.

Яғни, құлшылықта өзіңді Алланы көріп тұрғандай сезіну. Құлшылыққа бар ынтаңмен берілу, амалды шынайы ықыласпен атқару, әрбір істі ең көркем, ең кемел түрде орындауға тырысу. Өйткені мүмін адам амалын Алланың құзырында тұрғандай сезініп жасаса, ол ісіне салғырт қарамайды, қайта оны толық әрі мінсіз орындауға ұмтылады. Ал егер сен Оны көрмесең, расында, Ол сені көреді. Яғни, Алланың сені бақылап тұрғанын, сенің жағдайыңды біліп, әрбір қимылыңды көріп тұрғанын жүрекпен сезіну. Сонда ісімізді түзетуге, оны көркем орындауға ерекше күш саламыз. Себебі әрдайым Алланың назарында екендігімізді сеземіз.

Демек, адам екі халдің бірінде болады:

Біріншісі – Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Бұл – ең жоғары әрі ең ұлық дәреже. Бұл – «мушәһада» (рухани көру, жүрекпен сезіну) дәрежесі.

Екіншісі – Алланың сені көріп тұрғанына нық сеніп, соны үнемі еске алып амал ету. Яғни, сен әрдайым Алланың құзырындасың, Оның көруінде әрі естуіндесің. Осы сезім жүрекке орнықса, адам әрбір ісін ең жақсы түрде орындауға тырысады. Өйткені ол Раббысы оның әрбір ісін көріп, орнын да, ниетін де білетінін терең сезінеді.

Алла Тағала біздің де жүрегімізді өзінің дініне бекем етіп, ізгілікке толған, тәнімізді жақсылыққа бағыттайтын ихсанға бекем болуды нәсіп етсін!

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру