ИСЛАМ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ
Қазақ халқының тарихи қалыптасуы мен рухани-мәдени дамуында Ислам дінінің орны айрықша. Исламды қазақ дүниетанымынан, ұлттық мәдениеті мен дәстүрінен, халқымыздың ғасырлар бойғы тарихи сабақтастығын бөлек қарастыруға болмайды. Өйткені Ислам халықтың дүниетанымына, моральдық ұстанымдарына, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, тілі мен әдебиетіне, білім жүйесі мен қоғамдық қатынастарына ықпал етіп, ұлттық болмыстың қалыптасуына әсер еткен маңызды рухани факторлардың біріне айналды.
Бұл сабақтастықты дұрыс түсіну бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Дін мен дәстүрдің арақатынасын байыппен пайымдау бір жағынан дінді ұлттық мәдениеттен алшақтататын түсініктердің, екінші жағынан ұлттық құндылықтарды діни ұстанымдарға қарсы қою сияқты жаңсақ көзқарастардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Исламның қоғамдағы орнын тек шариғаттың құқықтық нормаларымен өлшеу жеткіліксіз. Ислам – құқықтық ережелер жүйесімен ғана шектелмейтін, адамның сенімін, дүниетанымын, мінез-құлқын және моральдық ұстанымдарын қалыптастыратын тұтас рухани жүйе.
Қазақ халқының Исламды қабылдау тарихына назар аударсақ, оның халық өміріне рухани-адамгершілік, мәдени және дүниетанымдық тұрғыдан терең орныққанын көреміз. Исламдық түсініктер уақыт өте келе халықтың тұрмысымен, салт-санасымен және әдет-ғұрпымен сабақтасты. Сондықтан қазақ қоғамындағы Исламның тарихи орнын зерттегенде фиқһ пен ақида сияқты діни ғылымдармен қатар тарих, этнография, тіл білімі, әдебиет, мәдениеттану және философия салаларының деректерін де кешенді қарастыру қажет.
Діни сауатсыздық пен деструктивті діни идеологиялардың алдын алуда Исламның ішкі ғылыми негіздері, соның ішінде ақида, фиқһ, усул әл-фиқһ және діни мәтіндер маңызды орын алады. Алайда Құран мен сүннетті діни дәлел ретінде мойындамайтын адамдар үшін мұндай уәждер әрдайым бірдей қабылдана бермейді. Мұндай жағдайда тарихи, мәдени және рационалды дәлелдердің маңызы артады. Қоғамға түсіндіру жұмысында діни негіз бен ақылға сүйенген пайым, тарихи дерек пен ұлттық мәдени сабақтастық бір-біріне қарсы қойылмай, өзара толықтырушы құрал ретінде қолданылуы қажет.
Бұл тұрғыдан матуридилік дүниетанымдағы ақылдың орны да маңызды. Яғни қоғамның әртүрлі дүниетанымдық топтарымен жұмыс жүргізуде діни дәлелмен қатар тарихи санаға, мәдени мұраға және рационалды ойлауға сүйену өзара түсіністікке жол ашады.
Қазақ халқының тарихи-мәдени болмысын қалыптастырған маңызды факторлардың бірі – Ислам өркениетімен ғасырлар бойы қалыптасқан байланыс. Бұл ықпал діни рәсімдермен ғана шектелмей, адамның дүниені қабылдауынан бастап күнделікті қарым-қатынасына дейінгі көптеген саладан көрініс тапты.
Ислам қазақ мәдениетіне сырттан келген әрі өзгеріссіз қабылданған құбылыс ретінде емес, жергілікті тарихи-мәдени ортамен өзара ықпалдаса отырып орныққан рухани жүйе ретінде қарастырылуы тиіс. Осы сабақтастықты төмендегі негізгі бағыттардан байқауға болады.
- Діни сана және дүниетаным. «Алла», «иман», «тағдыр», «ниет», «сауап», «күнә», «ақырет», «парыз», «тәубе» секілді ұғымдар қазақтың рухани дүниесінде терең орныққан. Олар тек діни терминдер ғана емес, халықтың дүниетаным жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды.
- Тарих және мемлекеттілік. Орталық Азия мен Дешті Қыпшақ тарихында Исламның орны ерекше. Қарахан мемлекеті дәуірінен бастап түркі халықтарының саяси және мәдени тарихында Ислам маңызды рөл атқарды. Қарахандықтар тұсында Исламның кең таралуына жағдай жасалып, кейін бұл дәстүр Алтын Орда, Моғолстан және Қазақ хандығы кезеңдерінде жалғасты.
Түркі даласында ханафилік құқық мектебі мен матуридилік сенім мектебі кең таралып, Қожа Ахмет Ясауи сынды рухани тұлғалар Ислам құндылықтарын түркі тілінде насихаттады. Дешті Қыпшақтан шыққан Әбу Мұғин ән-Насафи, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбу әл-Ғафур әл-Кердери, Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани секілді ғалымдардың еңбектері аймақтағы исламдық ғылыми дәстүрдің дамуына үлес қосты.
- Тіл. Қазақ тілінің сөздік құрамында араб және парсы тілдерінен енген көптеген сөздер, ұғымдар бар. Мәселен, «ғибрат», «парыз», «ниет», «сауап», «дүние», «ақырет», «иман», «әдеп», «амал» секілді сөздер халықтың тілдік қолданысына терең орныққан. Бұл тіл мен мәдениеттің тарихи байланысын көрсетеді.
- Ойлау жүйесі және халық даналығы. Қазақтың мақал-мәтелдері мен шешендік сөздерінен Аллаға сенім, тағдырға илану, сабыр, шүкір және тәуекел ұғымдарын кездестіруге болады. Мысал берер болсақ, «Алланың жазғаны болады», «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Сабыр түбі – сары алтын» сияқты нақылдар халық даналығы мен діни дүниетанымның сабақтастығын көрсетеді.
- Құқық және қоғамдық қатынастар. Қазақтың дәстүрлі құқық жүйесі жергілікті әдет-ғұрып, қоғамдық тәжірибе және исламдық құқықтық-этикалық түсініктердің өзара ықпалдастығы негізінде қалыптасты. Қасым ханның «Қасқа жолы», Хақназардың «Хақ жол», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ қоғамындағы тәртіп, әділет және жауапкершілік қағидаларын орнықтыруда маңызды қызмет атқарды. Бұл жүйелердің шариғатпен тығыз байланысын көреміз.
- Әдет-ғұрып және салт-дәстүр. Қазақтың көптеген салт-дәстүрлері исламдық дүниетаныммен сабақтас. Жаназа рәсімі, марқұмға Құран бағыштау, ас беру, неке қию, бата жасау, туыстық байланысты сақтау, жетім-жесірге қамқорлық көрсету секілді дәстүрлерде исламдық құндылықтардың ықпалы байқалады. Сонымен қатар қазақтың барлық дәстүрін тікелей діни үкім ретінде қабылдауға болмайды. Бірқатар салттар халықтың тарихи тәжірибесінен қалыптасқан. Ислам олардың шариғатқа қайшы келмейтін тұстарын қабылдап, қоғамдық өмірмен үйлесуіне мүмкіндік берді.
- Мораль және әдеп. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, аманатқа адал болу, мұқтажға жәрдем беру, жетімге қамқорлық жасау сияқты құндылықтар қазақ тәрбиесінің өзегін құрады. Бұл ұстанымдар Исламдағы ахлақ ілімімен үндеседі.
- Әдебиет және рухани мұра. Жүсіп Баласағұни, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ойшылдардың шығармаларында иман, адамгершілік, әділет, білім, нәпсі тәрбиесі және рухани кемелдік мәселелері кең көрініс тапты. Абайдың «Толық адам» тұжырымы мен Шәкәрімнің ар-ұждан туралы ойлары қазақтың рухани-философиялық дүниетанымындағы сабақтастықты көрсетеді.
- Білім және ағартушылық. Қазақ даласында мешіттер мен медреселер діни білім берумен қатар ағартушылық қызмет атқарған маңызды орталықтар болды. Қазақ зиялыларының бірқатары дәстүрлі діни білім алып, кейін оны заманауи біліммен ұштастырды. Бұл қазақ қоғамында діни және зайырлы білімнің тарихи тұрғыдан бір-біріне мүлде жат болмағанын көрсетеді.
- Сәулет және тарихи ескерткіштер. Қазақ даласындағы мешіттер мен кесенелер ислам өркениетінің сәулеттік дәстүрімен сабақтас. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі-ислам өркениетінің аса маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі ретінде осы мәдени ықпалдастықтың айқын көрінісі саналады.
- Жыр, терме және ауыз әдебиеті. Қазақтың жыр-терме дәстүрінде имандылық, адамгершілік, әділет, дүниенің өткіншілігі, ақырет және жауапкершілік тақырыптары кең орын алды. Бұқар жыраудың:
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас», – деген жолдары халық поэзиясындағы діни-адамгершілік дүниетанымның көрінісін танытады. Ыбырай Алтынсариннің:
«Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық», – деген жолдарынан да діни сенім мен ағартушылық идеяның сабақтастығын көруге болады.
- Киім мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі киім үлгілерінде әдеп, ұят және жинақылық қағидалары көрініс тапқан. Кимешек, жаулық, ұзын көйлек секілді киім үлгілері ұлттық мәдениет пен мұсылмандық әдептің өзара үндескен тұстарын көрсетеді.
- Тағам мәдениеті. Қазақ қоғамында халал мен харам, адал мен арам ұғымдары тағам мәдениетінің маңызды өлшемдерінің бірі болды. Мал сою, ас дайындау және қонаққа тағам ұсыну рәсімдерінде діни және дәстүрлік түсініктер қатар көрініс тапты.
- Тәрбие жүйесі. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде баланы имандылыққа, еңбекке, үлкенді сыйлауға, ата-ананы құрметтеуге және ағайынмен тату болуға тәрбиелеу маңызды орын алды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» секілді ұстанымдар халық тәрбиесінің моральдық негізін айқындады.
- Діни мерекелер. Ораза айт пен Құрбан айт қазақ қоғамында діни мереке ғана емес, ағайын арасын жақындастыратын дәстүр ретінде де орнықты. Бұл күндері үлкендерге сәлем беру, туыстармен араласу, мұқтаж жандарға көмектесу сияқты ізгі амалдар жасалды. Қасиетті Рамазан айының келуін мұсылман елдері әртүрлі сүйіншілейді. Бір елдерде сәресіне ояту үшін көшеге таңсәріден шығып дабыл қақса, енді бір елдерде Шағбан айының ортасынан асқанда балалар сәнді киім киіп, көшеде думандатып жүреді. Сол секілді біздің халқымызда күні бүгінге дейін жеткен «Жарапазан» дәстүрі бар. Рамазан айын сағына күткен балалар, жасөспірімдер үй-үйді аралап жарапазан айтады.
- Табиғатқа көзқарас. Исламда табиғат адамға берілген аманат ретінде қарастырылады. Бұл ұстаным қазақтың табиғатты қадірлеуге негізделген дәстүрлі дүниетанымымен үндеседі. «Суға түкірме», «Көкті жұлма», «Малды теппе», «Бір тал кессең, он тал ек» сияқты тыйымдар табиғатқа құрметпен қараудың тәрбиелік үлгісі болды.
- Қонақжайлық. Қонақты төрге шығару, ас ұсыну, мейманды құрметтеу қазақ мәдениетінің айрықша белгілерінің бірі. Бұл дәстүр Исламдағы қонақты құрметтеу қағидасымен де сабақтас. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонақты құрметтеуге үндеген хадисі мұсылман әдебінің маңызды қағидаларының бірін білдіреді.
- Өнер және қолөнер. Қазақтың ою-өрнек өнерінде өсімдік тектес, геометриялық және символдық бейнелер кең тараған. Оның қалыптасуына табиғи орта, көшпелі тұрмыс, эстетикалық талғам, халықтық символика және исламдық көркемдік дәстүрлер сияқты бірнеше фактор ықпал етті. Сондықтан ұлттық өнерді тек бір ғана себеппен түсіндіру ғылыми тұрғыдан жеткіліксіз.
Байқасаңыз, қазақ халқының рухани-мәдени танымында Исламның ықпалы айрықша көрінеді. Кейбір дінді терістеушілер қазақтың ұлттық құндылықтарын тек көне түркілік мұра мен көшпелі мәдениеттің жемісі ретінде қарастыруы мүмкін. Алайда ұлттық мәдениеттің осы негіздермен қатар ғасырлар бойы исламдық дүниетаныммен сабақтасып, одан алған үлкен ықпалын да көреміз. Сондықтан қазақтың ұлттық болмысынан Исламның рухани ізін жоққа шығару тарихи-мәдени үдерістің маңызды бір қырын ескермеу болар еді.
Демек, қазақтың рухани мұрасын тану – оның тарихи тамырларын тану. Ал сол тамырлардың ішінде Ислам өркениетімен сабақтасқан рухани құндылықтардың орны ерекше. Бұл сабақтастықты ғылыми тұрғыдан зерделеу ұлттық мәдениетті тереңірек түсінуге, дін мен дәстүрдің өзара байланысын дұрыс пайымдауға және қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтарды байыпты түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти
«Иман» журналы, №11, 2026 жыл
Дереккөз: муфтият.кз