ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ - ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ...

12 қараша 2025 546 0
Оқу режимі

Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр ұлттың келбеті мен ерекшелігі бұрынғыдан да айқынырақ көрініс беріп отыр.

Кез-келген халықтың мәдениеті мен тәрбиесінің деңгейін сол елдің әйелдерінен көруге болады. Әрине біздің тарихымыз, тағдырымыз ұқсас көрші елдер бар. Бірақ соңғы жылдары қоғамда жиі айтылатын бір пікір естіп жатамыз. Қазіргі қазақ қыздарының бойында кейбір ұлттық қасиеттердің жоғалып, тіліміз, діліміз ұқсас тағдыры тамырлас көрші ұлт қыздарының ибалы, кішіпейіл, тілі мен дәстүріне, мұсылмандық дініне адалдығы үлгі ретінде жиі аталады. Бұл – тек сыртқы салыстыру емес, терең әлеуметтік және мәдени сұрақ.

Кешегі қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесі ең жоғары деңгейде қарастырылатын. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз жиі айтылатын мәтел емес, өмірдің ережесі болатын. Қазақ қызы әдепті, ұяң, сабырлы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді отбасынан бойына сіңіріп өсті. Ол болашақ ана, үйдің берекесі, ұлттың ұяты деп саналды.

Қыз тәрбиесіне қазақтың барлығы жауапты болатын: көрші, ағайын, ауыл ақсақалдары. Ал қазіргі заманда бұл жауапкершілік жоғалып барады. Қала мәдениеті мен әлеуметтік желі ортасы - көпшілік жастардың бойына жасандылық пен еліктеушілікті сіңірді. Бұрынғы қазақ қызының сыпайылығы, қарапайымдылығы, үлкенді сыйлауы – бүгінгі өмір ырғағында жиі кездеспейтін қасиетке айналды.

Қазіргі қазақ қыздарының әлсіз тұсы

Қазақ қыздарының кемшілігі туралы айту - сынау емес, ойлануға шақыру. Соңғы уақытта байқалатын негізгі кемшіліктердің бірі – ар-ұят ұғымының өзгеруі. Киім киісі, сөйлеу мәнері, мінез мәдениеті батысқа еліктеумен араласып кетті. Әлеуметтік желіде танымал болу, лайк жинау, жасандылық, бейәдеп әрекеттер, сыртқы сұлулыққа шамадан тыс мән беру – кейбір қыздар үшін басты мақсатқа айналғандай.

Қазіргі үлкен проблема - тұрмысқа бейімділіктің төмендеуі. Бұрын қыз бала кесте тігу, ас дайындау, үй шаруасын жүргізуді анасынан үйренетін. Қазір мұндай іскерлікке көпшілік көңіл бөлмейді. Білім мен мансап маңызды болғанымен, тұрмыстық жауапкершіліктен алшақтау – болашақ отбасының беріктігіне әсер ететіні анық.

Тағы бір айтарлық жағдай - тіл мен дәстүрге немқұрайлылық. Қазақтың кейбір қыздары ана тілінде еркін сөйлемейді, ұлттық салт-дәстүрді терең білмейтіні өкінішті.  Ал осы жай – рухани әлсіреудің, кері кетудің белгісі. Себебі тіл мен дәстүр – қыз баланың ішкі мәдениетін қалыптастыратын негізгі өзек.

Енді бір айтарымыз – мінездің қатайып, нәзіктіктің азаюы. Бүгінгі қоғамда бәсеке көп. Соған бейімделген қыздар кейде «ер мінезді» болып кетеді. Бұл өз алдына өмірлік белсенділіктің анықтауышы болғанымен, әйелдің табиғи мейірімін, жұмсақтығын жоғалтады.

Қазақ қоғамында соңғы 30 жылда қарқынды урбанизация жүріп жатыр. Қала өмірі, нарықтық экономика, ақпараттық кеңістік - барлығы да ұлттық мінезге әсер етті. Қыз балалардың көбі отбасынан ерте бөлініп, жеке өмір сүруге ұмтылады. Содан болар кейде әлеуметтік желіде белгілі бір дәрежеде қыздарға ақыл айтатын блогерлер күйеуге шығу басты мақсат емес, өзіңнің өміріңді жақсарту, өзіңе көңіл бөл, ажырасудан қорықпа деп кері насихат етуде. Бұл тенденция жалғаса берсе біздің болмысымызға жат нәрсе көбейеді.

Дегенмен қазақ қыздарының кемшілігін баса айту міндетіміз емес. Қазіргі қазақ қыздарының басым бөлігі – сауатты, іскер,  бірнеше тіл білетін, елдің дамуына үлес қосып жүрген дарынды тұлғалар. Олардың арасында ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар, саясаткерлер көп. Қазақ қыздарының бойында тектілік пен намыс бар, тек сол қасиеттерді заманауи өмірмен үйлестіре білу керек.

Қалайда рухани тепе-теңдікті сақтау. Еркіндік пен тәртіп, мансап пен отбасы, білім мен инабат - осының бәрі тепе-тең болса, қазақ қызының бейнесі жаңаша қалыптасады.

Қоғамның іргетасы - отбасы. Ал отбасының берекесі - әйел. Сондықтан қазақ қыздарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу - ұлттық қауіпсіздікпен тең. Әр ана өз қызын тек оқуға емес, өмір мектебіне де дайындауы тиіс. Білім ошақтарында қыз тәрбиесіне арналған мәдени сабақтар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар көбірек болуы керек.

Медиа мен әлеуметтік желілер де үлгі көрсетуі қажет: арзан танымалдық емес, шынайы инабаттылық пен рухани сұлулық дәріптелсін. Сонда ғана қазақ қызы өз болмысын жоғалтпай, өзге ұлттың алдында абыройлы, тектілігін сақтаған болады.

Бүгінгі қазақ қоғамы рухани жаңғыруды тек саясат пен экономикадан емес, қыз баланың тәрбиесінен бастауы керек. Себебі қазақтың болашағы - ұлттың ұяты болған қыздарының қолында. Қазақта «ұл тәрбиелесең әулетті тәрбиелегенің, қыз тәрбиелесең ұрпақты тәрбиелегенің» – деген сөз бар. Дәстүрімізде, асыл дінімізде де қыз баланың орны ерекше. Қазақ қыз баласын қамқорлықпен өсіріп, көзінің қарашығындай аялаған. Қыз – өріс, ұл – қоныс деген. Ендеше өрісімізді кеңейтер қыздарымыздың тәрбиесі шетте қалмаса екен.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

 

 

Пікірлер Кіру