ҚОҒАМНЫҢ ЖАҢАРУЫ – САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫНАН БАСТАЛАДЫ

30 қазан 2026 107 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының басым бағыттарымен қатар, қоғамның рухани келбеті мен азаматтық жауапкершілігіне де айрықша мән берілді. Президент: «Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының бұл бастамасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміз де қолдап, адалдық пен жауапкершілікті қоғам өмірінде орнықтырудың маңызын атап өтті. Бас мүфтидің 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялауы да осы мақсатпен сабақтас. Өйткені адал қоғам қалыптастыру – тек сөзбен қолдайтын ұстаным емес, әр адамның өмірлік қағидасына айналуы тиіс құндылық.

Адал қоғам қалыптастыру әр адамның өзінен басталады. Ата дініміз адамды адалдыққа, әділдікке, аманатқа беріктікке тәрбиелесе, халқымыздың дәстүрлі тәрбиесі де осы қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіруге негізделген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бабалар сөзі әділдіктің қадірін аңғартса, аманатқа қиянат жасамау, уәдеде тұру, өзгенің ақысын жемеу – адамдықтың басты өлшемдері.

Біз көбіне қоғамнан әділдік пен жауапкершілік күтеміз. Алайда сол талаптарды өзімізге қоя аламыз ба? Қызметімізді адал атқарып жүрміз бе? Біреудің ақысына кірмей, уәдемізде тұра аламыз ба? Қоғамдық тәртіпті сақтап, айналамызға пайда келтіріп жүрміз бе? «Адал азамат» болу осындай қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерден көрінеді.

Президент атап өткен отаншылдық ұғымы да нақты іспен өлшенеді. Отанды сүю – туған жердің тыныштығын сақтау, ел бірлігіне үлес қосу, заңды құрметтеу, айналасына пайдасын тигізу. Ата-бабамыз «Отан – оттан да ыстық» деп, туған жерге деген сүйіспеншілікті ұрпақ санасына сіңірген.

Ата дініміз де елдің амандығын, қоғамның тыныштығын, көрші мен ағайынның ақысын сақтауды маңызды міндет санайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, мұқтажға жәрдем, көршіге қамқорлық – халқымыздың дәстүрінде де, рухани дүниетанымында да айрықша орын алған қасиеттер. Демек, отаншылдық тек елді жақсы көрумен шектелмейді, ол – елге пайдалы болуға ұмтылу.

Адал әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу де қоғам жаңғыруының маңызды шарты. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін қашанда ұлт болашағымен байланыстырған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақылдың өзі отбасындағы тәрбиенің маңызын көрсетеді.

Бала ата-анасының айтқанынан бұрын, жасаған ісіне қарап өседі. Үйдегі сыйластық, үлкенге құрмет, еңбекке адалдық, сөзге беріктік – баланың бойына сіңетін алғашқы тәрбие. Сондықтан ата-ана өз ісімен үлгі болып, ұстаз бен қоғам өкілдері осы тәрбиенің жалғасуына атсалысуы қажет.

Ата дініміз де бала тәрбиесін үлкен аманат деп біледі. Ұрпаққа имандылық пен ізгілікті, ұлттық құндылықтар мен адамгершілікті қатар сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Өйткені білімді әрі тәрбиелі, кәсіби білікті әрі жауапты азамат қана елдің дамуына шынайы үлес қоса алады.

Қоғамдағы адалдық пен жауапкершілікті нығайтуда мешіттердің де өзіндік орны бар. Діни-ағартушылық жұмыстар, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесі, қайырымдылық шаралары мен ұлттық дәстүрді насихаттау – осы бағыттағы маңызды істер.

Біз елорда мешіттері атынан қоғамдағы ізгілік пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға, отбасы институтын қолдауға, жастарды имандылық пен отаншылдыққа тәрбиелеуге өз үлесімізді қоса береміз. Сонымен қатар халқымыздың ізгі дәстүрлерін дәріптеп, ата-бабадан жалғасқан асыл мұраларды кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруді маңызды міндет санаймыз.

Қоғамның жаңаруы – әр адамның өз болмысын түзеуінен, ниетін ізгілендіріп, ісіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Адалдық пен әділдік, мейірім мен жанашырлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет – ата дініміз бен ұлттық тәрбиемізде біте қайнасқан асыл құндылықтар.

Мемлекет басшысы көтерген «Адал азамат» идеясын өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыру үшін әрқайсымыз өз орнымызда адалдықты ту етіп, ізгі істерге ұйытқы болуымыз керек. Өйткені қоғамның өзгеруі – жеке адамның өзгеруінен, ал елдің өркендеуі – саналы ұрпақ пен жауапты азаматтың қалыптасуынан басталады.

Нұрбек қажы Әуесханұлы, Астана қаласының Бас имамы

Пікірлер Кіру