ҚҰРАН ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

25 наурыз 2024 575 0
Оқу режимі

Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі. Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі, – деп жырлаған Мұқағали қалай дөп тауып айтқан! “Дінсіз ғылым – соқыр, ғылымсыз дін – ақсақ”. Ислам діні біреулер айтып жүргендей, ғылым мен білімді шектемеген. Қайта ілім алу арқылы Раббымыздың көптеген белгілері мен жасырылған хикметтерін көріп, сезіне аламыз. Кейбір аяттардың мағынасын ғылымның дамуы арқылы терең түсініп, он төрт ғасыр бұрын берілген ишараттарды қазіргі заманымызда меңгерудеміз. Қандай ұлы жаңалық ашылса да ол Құраннан шыға келеді. Міне, бұл – Құранның авторы Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Құранның Алла тарапынан жіберілгендігінің дәлелі. Алла Тағала қасиетті Құранның “Ясин” сүресінің 36-аятында былай дейді: «Жерден өсіп-өнетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің тағы басқа білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк». Бабамыз Майлықожа Сұлтанқожаұлы өз сөзінде былай деген:

Шеберді шебер дегенше,

Алланы шебер десеңші,

Қар жаудырып қыс қылған,

Жұмыртқаны құс қылған.

 Қасиетті Құранда астрономия, физика, медицина және математика сынды жаратылыс ғылымдарының негіздері көрсетіліп, жаратылыс ғылымдарын игеру арқылы адамзат қажетіне жарату Құран талабына лайық өмір сүрудің бір шарты ретінде міндеттеледі. Оған дәлел Құран аяттарында жаратылыс жайлы сөз етіле келіп, аяттардың соңы көп жағдайда «Ойланбайсыңдар ма?», «Ақыл жүгіртпейсіңдер ме?» және «Бұл істің сырын ақыл иелері ғана ұғына алады» деген ескертулермен аяқталады.

 Мысал ретінде бірнеше аят:

 

Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді

 

Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттелгені бәрімізге мәлім. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен: «Жерден өсіп-өнетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк».

 

 Желдің тозаңдау қызметі

 

«Хижр» сүресінің «Біз желді тозаңдау үшін жібердік, сөйтіп аспаннан жаңбыр жаудырып, сендерді сусындандырдық…» деген аяты жаңбырдың жаууында, желдің тозаңдандыру қызметін атқаратындығын ашық баяндайды. Жел су буларынан пайда болған бұлттарды бір-бірімен қақтығыстырады. Бұл қақтығыс салдарынан найзағай пайда болады. Жел бұлттарды тығыздап сыққан кезде жерге жаңбыр жауады. Желдің бұлттарды айдап, бір-біріне қосу ісі жоғарыдағы аятта «бұлттарды бір-біріне қосады» деп емес, «тозаңдайды» деп берілуі, шынымен де, назар аударарлық. Яғни, аятта айтылған желдің бұлттарды «тозаңдайды» деуінің астарынан бұлттардың да бейне бір аталық-аналық тәрізді позитив-негатив болып бөлінетіндігін аңғаруға болады. Демек, желдің позитив-негатив бұлттарды бір-бірімен қосып, тығыздауы нәтижесінде жаңбыр жауғызуы оның «тозаңдауы» болмақ. Тоғызыншы ғасырдың аяғында, яғни осыдан он бір ғасыр бұрын өмір сүрген Ибн Жәрир әт-Табарани атты ғалым жоғарыдағы аятты тәпсірлегенде: «Әуелі жел өсімдіктерді тозаңдайды, сосын бұлттарды тозаңдайды» – деп, желдің өсімдіктерді һәм бұлттарды да тозаңдайтынын айтуы таң қаларлық. Міне, Құран Кәрім он төрт ғасыр бұрын желдің аналық-аталықтан тұратын өсімдіктерді және позитив-негативті бұлттарды тозаңдандыру қызметін атқаратынын ашық айтып кеткен. Ғылыми тұрғыда кешірек дәлелденген аталмыш табиғат заңдарын 1400 жыл бұрын ешбір адамның білуі мүмкін емес еді. Олай болса, Құран – адам емес, осы заңдарды жаратқан Ұлы Құдіреттің сөзі болмақ.

 

Аспан әлемі үнемі кеңеюде

 

Ең жақын бес-алты галактикадан басқа барлық галактикалар бізден өз қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (HubbIe) зерттеп тапқан болатын. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда. Иә, 1922 жылы ғана зерттеп білінген «Bigbang» Үлкен жарылыс» заңын Құран осыдан 1400 жыл бұрын, яғни астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз», – деп анық айтып кетуі күмәнсіз толғанған ақыл иесін Құранға бас идірері сөзсіз. Құран аяттарының кереметіне таңғалып, оның иләһи кітап екендігін мойындаған атақты батыс-шығыс ғалымдарының айтқан сөздерінің ғибраты мол.

 Мысалы: C.Харт: «Құран Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи арқылы жіберілген», Жан Поуль Роул: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизасы – періште арқылы жіберілген Құран Кәрім», Виктор Имбердес: «Құран – бүкіл заң негіздеріне қайнар көз бола алатындай бай кітап…» десе, Доктор М.Букайле Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, M.Родвел «Құранды оқыған сайын таңғалатындығын…» айтқан.

Ал Гете: «Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуат-күштің қайнар көзі болып қала бермек…», Капитан Кусто: «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі» депті, Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екендігін айтқан. Алла Тағала баршамызға шынайы ниет пен ықылас нәсіп етсін!

Еркебұлан ТАКЕЕВ,

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру