Үйленуге дайынсыз ба?

19 сәуір 2019 7974 0
Оқу режимі

Отау құрар жастар үйленуді бір күндік мереке деп түсінбей, қасиетті шаңырақтың құдіретін танып, өмірлік маңызды қадам жасамас бұрын алдын ала дайындалуы қажет. Себебі, отбасылық өмір адамның жас шағынан дəм-тұзы таусылар уақыт аралығын қамтитын маңызды ғұмырлық өлшем. Бірде күрделі, бірде қоңыр салқын, енді бірде аспаны ашық болатын осы ұзақ жылдарды əркім-ақ жайлы жармен өткізуді көксейді. Жар таңдауда да жаңылысып, бармақ тістейтіндер көп. Сондықтан кез келген адам өмірлік серікті таңдауда мына мəселелерді білуі керек.

КІМДЕРМЕН ҮЙЛЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ

Үйленуге шешім қабылдаған мұсылман кімдермен үйленуге болмайтынын жақсы білгені дұрыс. Əйтпесе, үлкен қателікке ұрынары сөзсіз. Сондықтан бұны жастарымыздың есіне сала кетуді жөн көріп отырмыз. Ислам діні бойынша ер азаматтың некелесуіне болмайтын əйелдер мына екі топта қарастырылады: 1. Мəңгілік харам болған əйелдер. 2. Уақытша харам болған əйелдер.

1. Мəңгілік харам болған əйелдер

Ер азаматтың үйленуіне тыйым салынған, ол үшін үйлену тұрғысынан мəңгілікке харам саналатын əйелдер қан жағынан, сүт ему жолымен жəне отау құру себебімен үшке бөлінеді. Бұл Құранда былай айтылған: «Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, əпке-қарындастарыңмен, əкелеріңнің əпке-қарындастарымен, аналарыңның əпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, əпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес əпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен жəне жақындасып қойған əйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жақындаспай тұрып ажырасып кеткен əйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнə болмайды. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һəм апалы-сіңілі екі қызды бірдей əйелдікке алу харам етілді. Ал бұдан бұрын (надандық дəуірінде) болған іс болды. Расында, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді».

Енді осы аятта айтылғандарды жеке-жеке қарастырайық:

а. Қан жолымен харам болғандар: 

  • Аналары: өзінің туған анасы, əжелері.
  • Қыздары: туған қыздары, немерелері, шөберелері.
  • Бауырлары: туған бауырлары, бір əкеден немесе бір анадан туған бауырлары.
  • Əке жағынан əпке-қарындастары: əкесінің немесе атасының туған əпкелері мен қарындастары.
  • Нағашы əпке-қарындастары: анасының немесе əжелерінің қыз бауырлары.
  • Бауырларының қыздары: өзінің туған бауырларының қыздары.

ə. Сүт ему жолымен харам болғандар:

Ер жігіт сүт анасымен жəне оның қыздарымен үйлене алмайды. Сондай-ақ қыз балаға да сүт анасының ұлымен тұрмыс құруына рұқсат жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген: «Қан жолымен харам болғандар сүт жолымен де харам болады».

Яғни кісіге немере қызымен, əпкесімен, нағашы əпкесімен, бауырларының қыздарымен үйленуінің харам болғаны сияқты сүт бауырларымен, сүт əке-шешесінің бауырларымен, сүт бауырларының балаларымен үйлену де харам саналады. Сүт ему жолымен харам болу үкімі нақтылануы үшін сүт емудің сəби шақта іске асуы керек. Имам Ағзамның көзқарасы бойынша, сүт еметін сəби шақ екі жарым жыл деп есептеледі. Сүт бала болу үшін осы уақыт аралығында бір мəрте болса да тойып ему жеткілікті. Яғни сəби екі жарым жасына дейін ең азы бір мəрте басқа ананың сүтін тойып емсе, сол ана мен оның күйеуі сəбидің сүт əке-шешесі саналып, олардың балалары мен бауырлары сəбидің сүт бауырлары санатына енеді.

б. Отау құру нəтижесінде пайда болған харамдық

1. Қайын аналар: ер азамат қайын аналары, қайын əжелеріне үйлене алмайды.
2. Өгей қыздары: əйелінің бұрынғы күйеуінен тапқан қыздарымен де үйленуіне тыйым салынған. (Ер кісі мен əйелдің некесі қиылған, бірақ төсек қатынасы болмай тұрып ажырасып кетсе, онда өгей қызына үйленуіне рұқсат).
3. Келіндер: ұлдары мен немерелерінің əйелдеріне үйленуге болмайды.
4. Өгей аналары: өгей аналарымен де мəңгілікке үйленуге болмайды.

Міне, осы жоғарыдағы топтарда айтылғандар мəңгілікке бір-біріне үйленбеуіне шеші шығарылғандар. Ал, енді бір-біріне үйленуі уақытша харам болғандарды қарастырайық.

2. Үйленуі уақытша харам болған əйелдер

а) Əйелінің əпке-сіңлілері: ер азаматқа балдыздарымен, қайын апаларымен үйленуіне рұқсат жоқ. Бірақ əйелімен ажырасып кетсе немесе əйелі көз жұмса рұқсат етіледі.
ə) Əйелінің нағашы əпкелері жəне əйелінің əпке-қарындастарының қыздары: Ер азаматқа бұлармен де үйленуге болмайды. Бірақ жоғарыдағы жағдайдағыдай əйелімен ажырасса немесе əйелі өмірден озса, аталмыш əйелдермен үйленуіне шек қойылмайды.
б) Кез келген некелі əйел: біреудің некесіндегі əйел күйеуімен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса ғана басқа кісі оны əйелдікке ала алады.
в) Мүшрік əйел: мүшрік əйел тəубе етіп, Исламды қабылдаса, онымен некелесуге рұқсат бар.
г) Өзінің үш рет талақ айтып, ажырасқан əйелі: Егер ер кісі өз əйелімен үш рет талақ айтып ажырасса, онда əйелі басқа ер кісімен некесін қидырып, сосын қайта ажыраспайынша, өз күйеуіне қосыла алмайды.

ЖАР ТАҢДАУ

Кісі өмірінде үлкен жауапкершілікті қажет ететін істің бірі – жар таңдау. Кішігірім ауылда тұратындар үшін жар таңдау аса қиынға соға қоймас. Себебі, ауылдастар бір-бірін бұрыннан таниды. Жастар да бір-бірінің өскен ортасын, отбасы жағдайын, туған-туыстарын, мінез-құлқын азды-көпті біледі. Ал ауылдан жырақта жүрген жастар үшін өмірлік жар таңдауда кейбір кедергілердің туындайтыны жасырын емес.

1. Ата-ананың пікірі

Қазіргі кезде ата-аналардың көбі балалары есейе бастағанда жар таңдауды олардың өз еріктеріне қалдырып, еркін көзқарас шеңберінде тəрбиелейді. Тіпті, кейде «Үйленетін сенсің, өзіңе ұнаса болғаны» деп əңгіме арасында айтып отырады. Осыны естіп өскен қыз немесе ұл үйленуге шешім қабылдарда «Ата-анам менің ісіме араласпайды. Маған ұнағаны оларға да ұнайды» деп түсініп, өзінің қалауындағы жаспен отбасын құруға бекінеді. Осылайша екі жас көңіл жарастырып, шаңырақ көтермекке ниеттенген соң күйеу жігітті немесе қалыңдықты ұнатпаған ата-аналары олардың үйленуіне қарсы шығуы мүмкін. Ең өкініштісі, көңілі қалаған адамын «Отбасым қарсы болмайды» деп үміттендіріп, кейін ата-анасын ренжітпеу үшін үйленуден бас тартулары жастар арасында аз ұшыраспайды. Сондықтан отбасын құруды жоспарлаған адамына кесіп ештеңе айтпай тұрып, бұл істі алдын-ала ата-анасымен ақылдасып, шешіп алған дұрыс. Əйтпесе, мұндай жағдай қарсы жақтағы жасқа қатты соққы болып, көңілі қалуы мүмкін.

2. Екі жасты туыстарының таныстыруы

Кейбір отбасында ата-аналары немесе туыстарының ержеткен ұлына немесе бойжеткен қызына «Саған қалыңдықты (күйеуді) өзіміз тауып береміз» дейтін жағдайлар да орын алады. Осылайша өздерінің достарының немесе жекжат-жұрағаттарының балаларымен таныстырып жатады. Мұндай кезде жастың өзіндік көзқарасы, талғамы екінші сатыға түсіп, ата-анасының таңдауы басымдыққа ие болады. Басынан өткен осындай жағдайды университетті енді ғана бітірген жігіт былай баяндайды: «Ата-анам маған «Саған жақсы қалыңдық тауып қойдық. Екеуіңді таныстырайық» деді. Əкемнің ескі достарының бірінің қызы екен. Үйлеріне қонаққа бардық. Қызды тек қана дастархан басында көрдім. Үйге келген соң ата-анам қыз жайлы пікірімді сұрады. Бір ауыз тілдеспеген, тіпті алғаш рет көрген қыз туралы не дейін?». Кейде мұндай жағдайда жастар ата-анасын ренжітпеу үшін «Сіздерге ұнаса болғаны» деп үйленуге келісім береді. Өкінішке орай, көбінесе мұндай жұптың арасында сүйіспеншілік емес, керісінше түсініспеушілік белең алады. Аталмыш оқиғадағы жігіт ата-анасының қолқалауымен үйленіп, бірақ, бір жылдың ішінде ажырасқанын тілге тиек еткен еді.

3. Достарының таныстыруы

Таныстырған достары екі жастың мінез-құлқын, ерекшеліктерін, бір-біріне үйлесер-үйлеспесін өте жақсы білмесе, кейін арада туындайтын түсініспеушіліктер үлкен мəселелерге жол ашуы мүмкін. Сондықтан, арадағы адамдар екі жақты да өте жақсы танып, əрі жастарға алдын-ала бір-бірі жайлы дұрыс мəліметтер бергені абзал. Сонда ғана мұндай жастар тез арада бір-біріне үйренісіп кетеді. Сонымен қатар, достарының «Бұдан артық жар таппайсың» деп қолқалауы да жастардың таңдауына кедергі келтіреді. Мұндай кеңестердің соңы жастарды кездесіп тұруға итермелейді. Ондайда жастар «Біраз жүрейін, егер ұнамаса бас тарта салармын» деп ойлайды. Бірнеше мəрте кездескеннен кейін бірін-бірі «Үміттендіріп, ақырында көңілін қалдырмай-ақ қояйын» деген оймен үйлене салады. Бір-бірін жақсы танымай шаңырақ көтерудің соңы «əттеген-ай» дегізіп бармақ тістетеді. Ал екі жас танысып-біліскен болса, мұндай өкініштерге ұрынбас еді. Сондықтан үйленбес бұрын екі жастың бір-бірі жайлы мəлімет алып, бір-бірін тануы, ортақ тұстары мен мінез-құлқының бір-біріне сай келер-келмесін білгені жақсы.

Шәмшат Әділбаева

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру