ЖӘННАТ – МҰСЫЛМАННЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ (Жиырма сегізінші күн)

17 наурыз 2026 50 0
Оқу режимі

17 наурыз

Жиырма сегізінші күн

ЖӘННАТ – МҰСЫЛМАННЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Жұмақ – адам баласына бұл өмірде қуаныш сыйлайтын, көңіліңді жұбатып, бақытты ғұмырға жетелейтін мекен. Адам баласы бұл дүниеде жәннатты көре алмағанымен Құран және хадистерде келген мәліметтер бойынша сенеді, иланады.

Ислам діні бойынша жұмақ жаратылған және ол қазір бар. Мұсылман баласы «жұмақ Алланың қалауымен мәңгі қалады, ол бар, ешуақытта жоғалып кетпейді» деп иман келтіруі тиіс. Сонда ғана оның иманы дұрыс әрі кәміл болады.

Адамзат бұл дүниеде ақыреттегі мәңгілік өмір үшін жаратылды. Кім соңғы тұрағының жәннат болуын қаласа, бұл өткінші өмірде өзінің жастық шағын, денсаулығын, байлығын, бос уақытын сауапты амалдарды жасаумен өткізуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 133-аятында:

سَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ

«Раббыларыңның кешіріміне, кеңдігі жер мен көктей болатын, тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар», – деп айтқан. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген құдси хадисте Алла Тағала: «Салиқалы пенделерім үшін көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ойына келмеген нәрселерді әзірлеп қойдым», – деген (Фатху әл-бари, 8\515).

Жәннатқа пенделер тек Алла Тағаланың мейірімімен ғана кіретіндігі белгілі. Сондықтан да ізгі амалдар Жаратушымыздың мейірімі мен жәннатына бөленуімізге себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 107-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ كَانَتْ لَهُمْ جَنَّاتُ الْفِرْدَوْسِ نُزُلًا

«Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендердің «Фирдаус» атты жәннат бақшалары болады», – деп айтқан.

Алайда, қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде кейбір ізгі істер жәннатқа жетелейтін амалдар ретінде ерекше аталған. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтер болсақ:

Бірінші: көркем мінез

Асыл дінімізде көркем мінездің маңызы өте үлкен. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Сәнді бұйымдар мен әдемі киім уақытша ғана көрік береді. Адамның шынайы көркі оның мінезінде. Себебі мінезі көркем кісі адамдарға да, Алла Тағалаға да сүйікті болмақ», – деген. Адамның жәннатқа кіруіне ең көп себепші болатын амал осы – көркем мінез. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай деген:

سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : مَا أَكْثَرُ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ ؟ قَالَ : تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ

«Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Адамдардың жәннатқа кіруіне ең көп себеп болатын не нәрсе?» – деп сұрағанда, Ол кісі: «Тақуалық пен көркем мінез», – деп жауап берді», – деген (имам Термизи).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

إِنَّ الُمُؤْمِنَ لَيُدْرِكُ بِحُسْنِ خُلُقِهِ دَرَجَة الصَّائِمِ القَائِمِ

«Расында мүмін адам өзінің көркем мінезі арқылы (үздіксіз) ораза ұстаушы мен (түнімен) намаз оқушының дәрежесіне жетеді», – деген (имам Әбу Дәуід).

Шынайы жәннатты аңсаған адам ең алдымен өзінің мінезінің көркем болуына аса назар аударуы қажет. Кейбір адамдар «Менің мінезім өзі солай» немесе «Менің мінезім өзгермейді» деп уәж айтуы мүмкін. Алайда мінез-құлықты өзгерту мүмкін болмағанда, дін бізден оны талап етпейтін еді. Әр сөзін имандылықпен ұштастыра білген Абай атамыздың қара сөздерінің бірінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген.

Екінші: қыз баланың тәрбиесіне ерекше назар аудару

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Өйткені қыз бала – болашақ ана. Сол себепті асыл дінімізде де қыз баланың тәрбиесіне ерекше назар аударылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсы тәрбиелесе, жеткізсе, Алла Тағала осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні өз жұмағына кіргізеді», – деген. Осыны естіп тұрған бір сахаба: «Уа, Расулулла! Егер бір адамның екі қызы болса ше?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі қызы болса да жұмаққа кіреді», – дейді. Әлгі сахаба: «Ал егер бір қызы болса ше?» – деп сұрағанда, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол қызды жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, жеткізсе, онда жұмаққа кіреді», – деп жауап береді.

Қазақы тәрбиеде де қыз баланы құрметтеу, оның алдында дөрекі сөйлемей ізетті болу, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына мінгізу, киімнің әсем сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау ежелгі дәстүр. Жиын тойларда қыз баланы әрдайым сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен келіндер де қайын сіңлілерін аттарымен атамай «еркежан», «шырайлым» деп еркелеткен. Өйткені қыз баланы тәрбиелеу – бір адамды емес, бәлкім бір ұрпақты тәрбиелеу.

Үшінші: әрдайым истиғфар айтып жүру

Мүмин адамның әркез истиғфар айтып, Жаратушысынан кешірім тілеп жүруінің маңызы зор. Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَا كَانَ اللَّهُ لِيُعَذِّبَهُمْ وَأَنتَ فِيهِمْ ۚ وَمَا كَانَ اللَّهُ مُعَذِّبَهُمْ وَهُمْ يَسْتَغْفِرُونَ

«(Уа, Мұхаммед!) Сен олардың араларында болған кезіңде Алла азаптамайды және олар Алладан кешірім тілеген кезде Алла оларды азапқа салмайды», – деген аят нәзіл болады («Әнфал» сүресі, 33-аят).

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де истиғфарды өте көп айтатын. Хадистерде келгеніндей күніне 70, кейде 100 мәрте истағфар сөздерін қайталайтын болған.

Хузайфа (Алла оған разы болсын) есімді сахаба бала-шағасын бағуда қатты қиналып жүреді. Оның жағдайын ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіген кезде, Хузайфаға қарап: «Уа, Хүзайфа! Неге истиғфар айтпайсың? Мен күніне жүз рет истиғфар айтамын», – деген (имам Нәсәи).

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) «Мен Пайғамбарымыздан артық көп кешірім тілейтін адамды әлі көрмедім» деген. Истиғфар дұғаларының нұсқалары өте көп. Олардың ішіндегі «Истиғфарлардың мырзасы» аталған «Сәйидул истиғфар» дұғасы. Ол дұғада мынадай сөздер қамтылған:

اَللّهُمَّ أَنْتَ رَبِّي لَا إِلٰهَ إِلَّا أَنْتَ خَلَقْتَنِي وَأَنَا عَبْدُكَ وَأَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَوَعْدِكَ مَا اسْتَطَعْتُ أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ أَبُوءُ لَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَيَّ وَأَبُوءُ لَكَ بِذَنْبِي فَاغْفِرْ لِي فَإِنَّهُ لَا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا أَنْتَ

«Уа, Алла Тағалам! Сен  менің Раббымсың! Сенен басқа Тәңір жоқ. Мені Сен жараттың. Мен  Сенің құлыңмын, күш қуатымның жеткенінше Сенің уәдеңді берік ұстауға тырысамын. Жасаған жамандықтарымның сорынан Саған сиынамын. Бойымдағы бар нығметтеріңді мойындаймын. Күнәмды да мойындаймын. Мені кешіре гөр. Себебі Сенен басқа ешкім күнәларды кешіре алмайды» (имам Бұхари).

Төртінші: дауласудан бас тарту

Дау – екі немесе одан да көп адамдардың өзара пікір қайшылығы. Дау, жанжал атаулы – берекені қашырып, адамдардың арасының бүлінуіне реніш пен кектің тууына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнфал» сүресі, 46-аятында:

وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَلَا تَنَازَعُوا فَتَفْشَلُوا وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُوا إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейлесесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге», – деп, мүминдерді өзара дауласудан тыйған.

Тіпті өзінікі дұрыс болып тұрған жағдайда да, мүмин адам дауласудан бас тартуы тиіс Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):      

أَنَا زَعِيمٌ بِبَيْتٍ فِي رَبَضِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْمِرَاءَ وَإِنْ كَانَ مُحِقًّا ، وَبِبَيْتٍ فِي وَسَطِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْكَذِبَ وَإِنْ كَانَ مَازِحًا ، وَبِبَيْتٍ فِي أَعْلَى الْجَنَّـةِ لِمَنْ حَسُنَ خُلُقُهُ

«Мен өзінікі ақиқат болса да тартысуды қойған кісі үшін жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын», – деген (имам Термизи).

Пенденің жәннатқа кіруіне себепші болатын бұдан да өзге амалдар өте көп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا، يُرَى ظَاهِرُهَا مِنْ بَاطِنِهَا، وَبَاطِنُهَا مِنْ ظَاهِرِهَا أَعَدَّهَا اللَّهُ لِمَنْ أَلَانَ الْكَلَامَ، وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَتَابَعَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَام

«Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла Тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамдарды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) оразасын ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып, намаз оқитын кісіге дайындап қойды», – деген (имам Бәйһақи).

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстаған ораза, тілеген дұғаларымызды қабыл еткей!

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру