10 мешіт шәкірттері арасынан «Білімді бүлдіршін» анықталды (ФОТО)

29 маусым 2019 6214 0
Оқу режимі

Биылғы жылдың маусым айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы 10 мешіт бойынша «Имани жаз – 2019» жазғы сауат ашу курстары басталған болатын. Үш аптадан астам уақыт бойы мектеп оқушыларына мұсылманша хат танытып, әдеп пен тәрбие, құлшылық-ғибадат, сенім негіздері пәндерінен бойынша білім үйретіп келген сауат ашу курсы бүгінде өз мәресіне жетіп отыр.

Осыған орай, бала шәкірттердің жинаған білімдерін сарапқа салып, ынталандыру мақсатында әр мешіт бойынша білім сайыстары өткізіліп келген болатын. Бүгін осы білім сайысының ақтық кезеңі ретінде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі бойынша «Білімді бүлдіршін» атты білім сайысы болып өтті. Бүлдіршіндер арасындағы білім бәсекесіне әр құлшылық ордасынан үздік деп танылған бір қыз және ер бала қатысып, бас жүлдені сарапқа салды.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған білім сайысына қатысушыларға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Жазғы сауат ашу курсында үйренген тәлім-тәрбие мен білімдерін одан ары тереңдетіп, бүлдіршіндерді отансүйгіш, әдепті де білімді болып өсуге шақырды.

«Астана» медресе колледжінің директоры Ибрагим Сматаев, ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімінің маманы жаңабай Қожин, Нұр-Сұлтан қаласы дін проблемаларын зерттеу орталығының теолог маманы Мұрат Досанәлиевтер бастаған әділқазылар алқасының төрелігімен бүлдіршіндер сайыстың төрт кезеңі бойынша білім деңгейлерін байқатып, жамағат алдында өнерлерін паш етті. Атап айтқанда, сайысқа қатысушы шәкірттерге «Ширату», «Құран сыйы», «Ойлан, тап», «Ұпайлы ұяшық» кезеңдері бойынша түрлі сұрақтар қойылып, сынақтар берілді.

Төрт кезең бойынша жинаған ұпай сандарын есептей келе әділқазылар алқасы ұйғарымымен жарыс жүлдесі төмендегідей бөлінді:

І-орын –  «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері: Асқар Абдурахман, Асқар Қарақат.
2-орын – «Нұр Астана» мешітінің шәкірттері: Алғабас Ернар, Аманжол Іңкәр.
3-орын – «Ғылмани» мешітінің шәкірттері: Аманжол Рахымжан, Хаман Фатима
Ынталандыру: «Әлжан ана» мешітінің шәкірттері: Өмірзақ Нұрсұлтан, Мағзұмова Малика

Жеңімпаздардың барлығы жүлделі сыйлықтар табысталып, арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ, әр мешітегі іріктеу кезеңінен суырылып шығып, ақтық ойынға қатысқан қалған топтарға да арнайы сыйлықтар берілді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру