Арыстықтарға алғашқы көмек мешіттен жетті (ФОТО)

24 маусым 2019 5640 0
Оқу режимі

ҚМБД Төрағасы, Бас Мүфти Серікбай Ораздың тікелей тапсырмасымен Түркістан облыстық және Шымкент қалалық өкілдіктері арыстықтарға алғаш болып көмек көрсетті. Адамдарды қабылдау таңертеңнен бері  жалғасуда.

Абыр-сабырда абдырап қалған жұрт алдымен мешіттерге барған. Арыстағы бала-бақшада жүрген балаларды Шымкентке алып кеткен. Мешітке орналастырылған бүлдіршіндерді ата-аналары іздеп келіп, қауышып жатқан жайы бар.

Шымкенттегі Ақ мешітке облыстық мешіттерден де көмекке азық-түлік жеткізіліп жатыр. Мешіт те, медресе ғимараты да лық толды.

Арысқа алыс-жақын аудандардан да жәрдем берілуде. Түркістан облыстық және қалалық мешіттерде де қоныстанған жандарға ас беріліп, жағдай жасалған.

Түркістан қалалық мешіттерінің ұйытқы болуымен Арысқа 7 автобус аттандырылды. Адамдарды имамдар тосып тұр. Мешіттерге сыймаған арыстықтарды әкімдіктер мектептерге орналастырып жатыр.

Бас Мүфти мешіттер тарапынан тиісті жәрдем берілуін өз бақылауына алды. Қапияда жақынынан көз жазып, қара жамылып қалған отбасыға көңіл айтамыз.

Алла Тағала қазаның артын қайырлы етсін, апаттардан аман сақтасын, арыстықтарға сабыр берсін! Әумин!

Дереккөз: Түркістан облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру