Астана қаласы өкілдігінің көшпелі отырысы «Әл-Фаттах» мешітінде өтті

28 сәуір 2026 181 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған өкілдік қызметкерлері елордадағы «Әл-Фаттах» мешітіне арнайы барып, көшпелі отырыс өткізді.

Кездесуде дін қызметкерлерімен маңызды мәселелер қаралып, мешіт жұмысының сапасын арттыру, ағартушылық бағытты жандандыру және жамағатпен байланысты күшейту бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Астана қаласы өкілдігінің бас есепшісі Қайрат Қасенов мешіттің бухгалтерлік құжаттарымен танысып, қаржылық жұмыстардың жүргізілу барысын саралады. Ал өкілдіктің іс-басқарушысы Жанділлә Мамытханұлы мешіттің әкімшілік-шаруашылық қызметіне қатысты мәселелерді пысықтап, тиісті бағыттар бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде мешіттің бас имамы Бағдат Әбдікәрімов құлшылық үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, жамағатпен жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралар мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Сапар аясында бас имам жамағатпен жүздесіп, бесін намазынан кейін «Көркем мінез» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Ол өз сөзінде имандылық, бірлік және ізгілік құндылықтарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, жамағатқа тағылымды ойларымен бөлісті.

Іс-сапар соңында мешіт ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру