АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ «AQ MESHIT» ЖАМАҒАТЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)
Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Ерболат Жүсіпов елордадағы «Aq meshit» мешітіне арнайы барып, жамағатпен кездесті.
Кездесу барысында бас имам жамағатқа бесін уағызын жүргізіп, тақуалықтың мәні мен даналықтың адам өміріндегі орнына тоқталды. Сондай-ақ мұсылмандар арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтың қоғам тұрақтылығына қосар үлесі жайында көркем насихат айтты.
Ерболат Нұрылдаұлы өз сөзінде жамағат бірлігінің – ел амандығының кепілі екенін атап өтіп, әрбір мұсылман қоғамдағы татулық пен ізгілікті сақтауға үлес қосуы қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында жамағатпен бірге бесін намазы оқылып, ел тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасалды. Бас имам елорда мешіттеріндегі жамағаттың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, мешітке жиі келіп, рухани ілім алудың маңызын да атап өтті.




Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі