АСТАНАДА XV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНА ІРІКТЕУ БАСТАЛДЫ
Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен XV Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу жарысына қатысушыларды іріктеу сайысы басталды.
Рухани додаға елорда мешіттері мен діни оқу орындарынан 70-ке жуық қари қатысуда. Сайыс басталар алдында әділқазылар алқасының төрағасы Серік қари Ахмет қатысушыларға жарыс ережесі мен бағалау тәртібін түсіндірді.
Іріктеу сайысын Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы ашып, қариларға сәттілік тіледі. Бас имам өз сөзінде Құран Кәрімнің адам жүрегіне тыныштық сыйлайтын қасиетіне тоқталып, Құранды жаттап, оны өмірлік ұстанымына айналдырған қарилардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Бүгінгі іріктеу сайысында Астана қаласының намысын қорғайтын ең үздік қарилар анықталады деп сенеміз. Дегенмен бұл додада жеңілген адам болмайды. Себебі Алланың кәләмін оқудың әрбір әрпі – сауап пен берекеге толы. Құранға қызмет ету – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Бас имам сондай-ақ Құранды шебер оқитын қарилардың дәрежесі туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін келтіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бір күнге жоспарланған іріктеу сайысында қарилар Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 пара және мәнерлеп оқу аталымдары бойынша бақ сынайды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталып, республикалық кезеңде Астана қаласының намысын қорғайды.
Суреттер толық «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарында!









































Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі