«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫ АРАСЫНДА «АҚ БАТА» САЙЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)

18 қазан 2025 1204 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мешітінде әйел жамағаты, яғни ақ жаулықты әжелер арасында дәстүрлі «Ақ бата» сайысы ұйымдастырылды.

Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіповтің қолдауымен және Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызының ұйымдастыруымен өткен сайысқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің белсенді әйел жамағаты қатысты. Аналарымыз сахна төрінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, жүрекжарды тілектер мен мағыналы баталарын көпшілікке жеткізді.

Сайыс барысында қатысушылар бата айту мәдениетін өнермен ұштастырып, әр батаның тәрбиелік және рухани маңызын айшықтап көрсетті. Жұртшылық алдында аналарымыздың шешендігі, ниет тазалығы мен ұлттық болмысты сақтауға деген ынтасы ерекше байқалды.

Сайысқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Әжелер мектебі» клубының мүшелерінен құралған арнайы әділ қазылар алқасы төрелік етті. Әділ қазылар қатысушылардың орындау мәнері мен мазмұн тереңдігіне баға беріп, үздік деп танылған батагөй қарияларды анықтады.

Сайыс соңында белсенді қатысушыларға марапаттар мен сый-сияпаттар табысталып, ұйымдастырушылар аналарға ризашылықтарын білдірді. Осындай рухани және тәрбиелік мәні зор шаралардың алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатыны айтылды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру