БАС ИМАМ «ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМ ЖӘНЕ ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА УАҒЫЗ АЙТТЫ
Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінде «Дәстүрлі Ислам және жат ағымдардың айырмашылығы» тақырыбында уағыз айтты. Бейсенбілік дастархан басында өткен дәріске мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазанов бастаған мешіт имамдары мен дін қызметкерлері және жамағат қатысты.
Бас имам қазіргі ақпараттық кеңістікте дінге қатысты түрлі пікірлер мен діни мазмұндағы материалдардың көбейгенін атап өтіп, мұсылман адам үшін дінді дұрыс дереккөздерден үйренудің маңыздылығына тоқталды.
Нұрбек қажы Әуесханұлы дәстүрлі Исламның жеке бір дін емес екенін, оның Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне, сахабалар ұстанған жолға және Әһлу сүннет уәл-жамағат бағытына негізделетінін түсіндірді.
«Қазақ даласында Ислам ғасырлар бойы осы жолмен орнықты. Сенім мәселесінде Имам Матуридидің ақида мектебі, амал-құлшылық мәселесінде Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы негізге алынды. Сондықтан бүгінгі міндетіміз – дінді дұрыс түсіну», – деді бас имам.
Сондай-ақ, дін мәселесінде білімнің маңызына ерекше тоқталып, Құранды, хадисті, фиқһ пен ақида ілімдерін арнайы ғылыми әдістемелер және дін мамандары арқылы түсіну қажеттігін жеткізді.
Уағыздан соң бас имам құптан намазын жүргізіп, ел амандығы мен тыныштығын, халықтың ынтымағы мен жамағаттың ауызбіршілігін тілеп, дұға жасады.














Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі