Бас мешіттің бала шәкірттері оқуларын аяқтады (ФОТО+ВИДЕО)

30 маусым 2019 872 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Имани жаз –2019» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын аяқтап, бала шәкірттерге арнайы сертификат табыстау рәсімі болып өтті. Атаулы күнге орай бала шәкірттерге салтанатты шара ұйымдастырылып, ата-аналар қауымының қатысуымен мешіттегі жазғы сауат ашу курсының соңғы күні мерекеге жалғасты.

Салтанатты шара шымылдығы осы сауат ашу курсында білім алған бала шәкірттің қасиетті Құран аяттарымен оқылуымен ашылып, батамен басталды. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Марат Бектазинов бүлдіршіндерге құттықтау лебіз айтып, жазғы демалыстарын жақсылыққа жұмсаған шәкірттерге ризашылығын жеткізді. Осы уақыт ішінде үйренген білімдері мен әдеп-тәрбие негіздерін ұмытып қалдырмай, өмірлеріне серік етуге шақырды.

Салтанатты шара аясында бала шәкірттер ұстаздары мен ата-аналары алдында өз өнерлерін паш етіп, қуанышты шараға өз үлестерін қосты. Қазақы қара домбыра күмбірлеп, мереке сәнін одан әрі арттыра түсті. Бүлдіршін қыздар балдай тәтті тілдерімен бес парыз жайлы ән айтып, көпшіліктің қошаметіне бөленді. Бүлдіршіндермен қоштасу рәсіміне орай арнайы дастархан жайылып, тәтті тағамдар тарту етілді.

Айта кетейік, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Имани жаз – 2019» жазғы сауат ашу курсына биылғы жылы 220 ер бала және 175 қыз бала қабылданған болатын. Шәкірттердің барлығына «Әзірет Сұлтан» мешітінің арнайы сертификаты табысталды. Сондай-ақ, шәкірттерге 20 күн бойы ұстаздық етіп, білім үйреткен тәжірибелік сынақтан өтуші ұстаздар қауымына «Алғыс хат» табысталып, еңбектері бағаланды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру