Бас мешіттің бала шәкірттері Ұлттық музейге саяхат жасады (ФОТО)

11 маусым 2018 7316 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы сауат ашу курсының бала шәкірттері еліміздің Ұлттық музейіне саяхат жасап қайтты. Мамыр айының 28-жұлдызында басталған жазғы сауат ашу курсы бағдарламасының жарым белінен асқан бала шәкірттердің таным көкжиектерін кеңейтіп, еліміздің тарихын тани түсуі үшін ұйымдастырылған бұл саяхат расымен де олжаға толы болды.

Елорда төріндегі Ұлттық музей қызметкерлері де бала қонақтарды құшақ жая қарсы алып, еліміздің құнды тарихы мен жетістіктерін жіпке тізгендей ғып баяндап, сәби көңілдерге ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білді. Қаздың балапандарындай шүпірлеген бала шәкірттердің түрлі сұрақтары да таныстырушы мамандардың тұщымды жауаптарына жалғасып, Ұлттық музейдегі әрбір жәдігердің тарихы тарқатылды.

Айта кетейік, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жазғы сауат ашу курсына биылғы жылы 300-ге жуық оқушы қабылданған болатын. 7 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер бір айға созылатын жазғы курс аясында «Құран әліппесі» және «Имандылық әліппесі», «Дұға» және «Әдеп» сабақатары бойынша дәріс алып, діни сауат ашып шығатын болады. Сондай-ақ, оқуышларды ынталандыра түсу мақсатында осындай танымдық саяхаттармен қатар, түрлі білім жарыстары және сурет сайыстары өткізілетін болады.

Пікірлер Кіру