БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

16 маусым 2023 1418 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма уағызын айтты.

«Қажылық – бес парыздың бірі» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Исламның бес тірегінің бірі – қажылық құлшылығы. «Қажылық» сөзі араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымызда ай күнтізбесі бойынша зул-хижжа айында Алла Тағалаға құлшылық ету үшін қасиетті Меккеге барып, бекітілген рәсімдерді орындауды қажылық деп атаймыз.

Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылыққа бару – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, (біліп қойыңдар), Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деп айтқан.

Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Жалпы алғанда құлшылықтар орындалу барысына қарай дене және дүние-мүлік арқылы екіге бөлінеді. Ал қажылық – дене әрі дүние-мүлік арқылы орындалатын бес парыздың бірі» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру