БАС МҮФТИ «НҰРСҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

18 қыркүйек 2026 51 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы  «Нұрсұлтан» мешітінде «Сабырдың да сан қырлы сатылары бар» тақырыбында жұма уағызын айтты.

«Адам баласының өмірінде сабырдың орны ерекше. Сабыр – тек басына қиындық түскенде төзімділік танытып, тағдырға мойынсұну ғана емес, ол – адамның иманын бекемдейтін, нәпсісін тәрбиелейтін, құлшылықта тұрақтылық танытып, күнәдан өзін тежеуге жетелейтін рухани кемелдіктің маңызды сипаты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

«Ешқандай қиындыққа мойымай сабырлылық танытқан жандарға сый-сияпаттары қисапсыз беріледі», – деген («Зүмәр» сүресі, 10-аят).

Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Сабыр – діннің рухани мәртебелерінің бірі», – деген.

Осы тұрғыдан алғанда, сабыр жай ғана сыртқы төзімділік емес. Адам алдымен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін танып-біледі. Сол білім жүрегінде берік сенімге айналғанда, нәпсінің қалауына қарсы тұратын рухани күш пайда болады. Міне, нәпсі бір нәрсеге шақырғанда, иманның талабын берік ұстанып, дұрыс жолдан таймау – сабырдың шынайы көрінісі.»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру