БАС МҮФТИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Омаров Қайрат Ермекұлымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар рухани дипломатия, дінаралық келісім мен өзара түсіністікті нығайту, сондай-ақ халықаралық алаңдарда Қазақстанның бейбітшілік пен толеранттылыққа негізделген ұстанымын ілгерілету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар шетелдегі отандастармен рухани байланысты күшейту, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау бағытындағы ынтымақтастық жайы сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар конфессияаралық татулық пен өркениетаралық диалогты дамыту жолындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
Сондай-ақ, сапар аясында ҚМДБ делегациясы БҰҰ-ның штаб-пәтерін аралады. Айта кетсек, дәл осы ғимараттағы Бас Ассамблея залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының Жалпы дебатында қасиетті Құранды өртеу оқиғаларын айыптап, дінаралық татулық пен өзара құрметтің маңызын атап өткен болатын.












Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі