МЕДРЕСЕ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫС ӨТТІ
Астана медресе-колледжінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды.
Рухани келісім күніне орай өткен іс-шараға Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы, оқу орнының директоры Қанат Қалымбетұлы, Жастар ісі секторының меңгерушісі Нұрболат Советханов, медресе ұстазы Махмуд Саид және студенттер қатысты.
Сайыс барысында шәкірттер асық ату, арқан тартыс, жаяу тартыс, шеге қағу және садақ ату секілді ұлттық ойын түрлерінен бақ сынады. Қатысушылар өзара күш, ептілік пен мергендік танытып, жарыс тартысты әрі қызықты өтті.
Шара барысында сөз алған Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы жастар тәрбиесіндегі спорттың орнына тоқталып, ұлттық ойындардың ұрпақ бойында қайсарлық, төзімділік пен ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ студенттерді білім алумен қатар, дене шынықтыруға көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттерге ақшалай сертификаттар табысталды.

































Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі