Ораза айт мүбәрак болсын!

14 маусым 2018 8922 0
Оқу режимі

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазанды аман-есен өткеріп, Ораза айт мерекесіне төрт көзімізді түгел жеткізген Жаратушы Аллаға сансыз шүкірліктер мен мадақтар болсын! Қасиетті айды құлшылықпен өткізіп, қайырымдылық пен ізгілік жолын кеңейткен, сабырлық пен шыдамның шыңын бағындырып, нәпсі атаулыны әлсірете күйреткен мұсылман қауымы үшін Ораза айт мейрамының орны ерекше.

Бұл мереке – мейірім мен махаббаттың, ізгілік пен имандылықтың, татулық пен бауырмалдықтың, кішіпейілділік пен кешірімнің салтанат құратын мерейлі мерзімі. Қазақ даласындағы әрбір шаңыраққа бүгінгі мереке құт-берекесін төгіп, дастарханындағы ырыс-молшылық еселене түскей! Ұлық мерекенің мейірі жүректердегі тоңды жібітіп, араздасқанның арасы бірігіп, бірлікті ту еткен егемен еліміздің абыройы асқақтай бергей!

Алла Тағала баршамыздың тұтқан оразамыз бен қасиетті айдағы құлшылық-ғибадаттарымызды қабылдыққа жазып, келер жылғы Рамазанға аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Пікірлер Кіру