ҚАЛА БАС ИМАМЫ РУХАНИ САЙЫСТЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

13 қыркүйек 2026 137 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде әйел шәкірттер арасында өтетін Сира (Пайғамбар өмірбаяны) мен салауат жарысының ашылу салтанатына қатысты.

Шәкірттердің діни білімін арттырып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы мен өнегесін тереңірек таныту мақсатында ұйымдастырылған тағылымды шараны мешіттің Әйел-қыздар секторы өткізді.

Қала бас имамы жарысқа қатысқан шәкірттерге ақжолтай тілегін айтып, сира ілімінің мұсылман өміріндегі маңызына тоқталды. Пайғамбарымыздың сабыры, адалдығы, кешірімділігі мен көркем мінезі әрбір мұсылманға үлгі екенін атап өтті.

«Бүгінгі жарыста орын алудан бөлек одан да маңыздысы – дайындалу барысында алған білімдеріңізді жүректеріңізге сіңіріп, күнделікті өмірлеріңізде қолдана білу. Пайғамбарымыздың өмірін оқып, оның қандай тұлға болғанын білу – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені жақсы мұсылман болу тек біліммен емес, сол білімді жақсы амал мен көркем мінез арқылы көрсетуімен өлшенеді.», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сондай-ақ, қала бас имамы шәкірттердің рухани тәрбиесіне атсалысып, білім алуына жағдай жасап жүрген ұстаздарға алғысын білдірді. Қатысушыларға сәттілік тілеп, білімдерінің берекелі болуына дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру