ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ

30 қыркүйек 2026 71 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласы  өкілдігі, «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты іс-шара өтті. Жиынға қала бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы арнайы қатысып, Бас мүфтидің ыстық ықыласын жеткізе отырып ақ жаулықты аналар қауымын мерекемен құттықтады және көркем насихатын жеткізді.

«Баршаңызды алда келе жатқан 1-қазан «Қарттар күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен, осынау берекелі жиынның қасиетті мешіт төрінде өтіп жатқанына қуанып, бүгін бас қосып отырған барша ақ жаулықты аналарымызға Алла Тағаланың рақымы мен мейірімі жаусын деп тілеймін.

Қазақ халқы қашанда үлкенін сыйлап, қариясын құрметтеген халық. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар», «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген тағылымды сөздер де халқымыздың үлкенге деген құрметінің айғағы. Өйткені жасы үлкен адамның өмірден көргені, жүріп өткен жолы, жинаған тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп.

Дінімізде де ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау мәселесіне айрықша мән берілген. Сіздерге қарап отырып, тағы бір маңызды дүниені ерекше атап өткім келеді. Сіздер мешітіміздің тыныс-тіршілігіне куә болып қана жүрген жоқсыздар. Сіздер – мешітіміздің рухани өміріне белсене араласып, өз үлестеріңізді қосып келе жатқан қадірлі жамағатсыздар. Алла Тағала жасаған әрбір ізгі амалдарыңызды қабыл етсін» - деді Бас имам.

Сондай-ақ бас имам «Әжелер мектебі» клубының асыл дінімізге жылдар бойы атқарылып келе жатқан адал қызметіне алғысын білдірді.

Жиын барысында «Әйел-қыздар» секторының және «Әжелер мектебі» клубының жетекшісі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Күлсара Мамырқызы клубтың осы күнге дейінгі жасаған іс-шараларының есебін айтып, қатысушыларға  ерекше алғысын жеткізді. Жиынға келген аналарға гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік 2019 жылы өз жұмысын бастаған «Әжелер мектебі» клубы осы күнге дейін көптеген рухани-мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, игі бастамалардың ұйытқысы болып келеді.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру