Қазақстан қалалары бойынша Құрбан айт намазының уақыттары

08 тамыз 2019 8753 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметін негізге ала отырып, осы жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын хабарлайды.

Құрбан айт намазы Нұр-Сұлтан уақытымен:

1. Нұр-Сұлтан; Сағат - 7:00

2. Алматы; Сағат - 7:00

3. Алматы обл; Сағат - 7:00

4. Ақтөбе; Сағат - 7:00

5. Ақмола; Сағат - 7:00

6. Атырау; Сағат - 7:00

7. БҚО; Сағат -  7:00

8. Қарағанды; Сағат - 7:00

9. Қостанай; Сағат - 8:00

10. Қызылорда; Сағат - 7:00

11. Маңғыстау; Сағат - 7:00

12. Түркістан облысы; Сағат - 7:15

13. Шымкент; Сағат - 7:15

14. Павлодар; Сағат - 7:00

15. Семей; Сағат - 7:00

16. СҚО; Сағат - 7:00

17. Талдықорған; Сағат - 7:00

18. ШҚО; Сағат - 7:00

19. Жамбыл; Сағат - 7:00
 

Құрбан шалу қалай жүзеге асады?

 

Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) бастап кеткен жолы, сүннеті болып табылатын құрбан шалу құлшылығын соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) қайта жаңғыртып, үмметіне бұл істі міндеттеді. Алланың ардақты елшісі бір хадисінде «Кімнің мүмкіндігі бола тұрып, құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын орындарымызға жақындамасын», - деген. Алла тағала өзінің қасиетті кітабы Құран кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!», - деп бұйырған. Жоғарыдағы хадис пен аятқа сүйенген ханафи мазһабының ғұламалары айт намазын оқу мен құрбан шалуды уәжіп, яғни міндетті діни амалға жатқызған.

«Құрбан айт» сөз тіркесінің этимологиясына тоқталар болсақ, «Аллаға жақын болу» деген мағынаны беретін «құрбан» сөзі түркі тілдес халықтарға парсыдан енген сөз болып табылады. Ал түптеп келгенде, «құрбан» сөзінің түбірі «жақындық» деген мағынаны білдіретін арабтың «қурб» деген сөзінен шығады. «Айт» деген «жылда айналып келетін мейрам» дегенді білдіретін арабтың сөзі. Арабтар «құрбан айт» деп қолданбайды. Олар бұл сөздің орнына «ийд-әл-адха» деген сөзді қолданады.

ҚМДБ мақұлдаған күнтізбе бойынша биылғы жылы құрбан айттың бірінші күні тамыздың 11-не сәйкес келеді. Жалпы құрбан айт 4 күнге созылады. Оның алғашқы 3 күнінде құрбандық шалынса, соңғы төртінші күні тек дұғалар оқылып, салауат, ташриқ тәкпірлері айтылады. Айт намазы оқылып біте салысымен мұсылман жұртшылығы Аллаға арнаған құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандық шалу үш күнге созылады.

Үшінші күні күн батуға аз уақыт қала құрбандық шалу тоқтайды. Ғұлама Имам Мәліктің «әл-Муатта» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар: «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн»,- деген. Ал Имам әл-Байһақидің «әс-Сунан» атты кітабында сахаба Әли: «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», - десе, сахаба Әнас: «Мал бауыздау құрбандық күнінен кейін екі күнге созылады», - деген. Барлығы үш күн.

 

Құрбандыққа қандай мал түрін шалуға болады?

 

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Ең кемінде ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал түйе бес жасқа толған болуы міндетті. Қойдың алты айлық тоқтысы да құрбандыққа жарамды болып табылады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да шалына береді. Уақ малды бір адам, ал ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуына болады. Аталмыш малдардан бөлек, жылқы, үйрек, қаз, тауық, қоян және т.б. құрбандыққа жарамсыз болып табылады.

Құрбандық шалу бір отбасына емес, ауқатты әйел-еркек әр мұсылманға бөлек міндеттеледі. Мысалы бір отбасында үйге кіріс келтіретін бірнеше кісі болып, олардың әрқайсысы ауқатты болса, барлығы бөлек құрбандық шалуға тиіс болады. Сондай-ақ, бірігіп бір ірі қараны шала алады. Ал бір үйде бір кісі ғана ауқатты болса, онда өзі ғана кемінде бір құрбандық шалуға міндетті болмақ.

Құрбандық шалатын кісі малды союға икемді болса, өзі бауыздағаны абзал. Малды қинап қоятындай болса, білікті кісінің бауыздағаны дұрыс. Қалай болғанда да, мүмкіндігі болса, құрбандығы шалынарда қасынан табылғаны абзал. Мүмкіндігі болмаса, өкілін жіберіп, қатыстыруына да болады. Қасапшы жалдаса, ақысына шалынған құрбандықтың мүшелерін беруге қатаң тиым салынады. Қасапшының ақысы бөлек қаражаттан берілуге тиіс. Қасапшы мұқтаж жан болса, еңбек-ақысын бөлек берумен қатар, құрбан етінен оған да үлес беруге болады.

Құрбандыққа шалынатын мал құлағының жартысынан көбі кесілген, бір көзі жоқ, жүре алмайтын көтерем және т.б. кемшілігі болмауы тиіс. Піштірілген еркек мал құрбандыққа жарамды болып табылады.

Алты айға толмаған тоқты құрбандыққа жарай ма?

Құрбан айт күндері жыл сайын жылжып келе жатқандықтан жыл басында туылған қозылар яғни бүгінгі 6 айға толмаған тоқтылар құрбан малы болуға жарамсыз. Ал осы 6 айға толмаған тоқтыны құрбандыққа шалуды ниет етіп отырған адамдар болса, оны сатып орнына қой алуы керек. Құрбандық үшін сатып алатын малдың жасы да дәл осындай болмау тиіс.

 

Құрбан шалудың уақыты

 

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

Құрбандық шалушы кісі малды қыблаға қаратып жатқызып, «бұл менің атымнан және отбасымның атынан» деп ниет етіп, «бисмилләһи Аллаһу әкбар», - деп айтып барып, малды бауыздайды.

Сойылған құрбандықтың еті сүннет бойынша үшке бөлінеді. Бір бөлігі өзіне, бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал бір бөлігі көршілеріне немесе туыстарына таратылып беріледі. Етке мұқтаж болса, малдың етін толығымен өзі ала алады. Етке мұқтаж болмаса, толығымен тарқатып беруіне де болады.

Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбарак, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

Пікірлер Кіру