ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ НЬЮ-ЙОРК ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

30 қаңтар 2026 65 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Америка Құрама Штаттарына жасаған жұмыс сапары аясында Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Рауан Манатұлымен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында Бас мүфти сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, рухани-мәдени дипломатияның маңызын атап өтті. «Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттердің өзара қарым-қатынасы тек саяси және экономикалық байланыстармен шектелмей, рухани-мәдени дипломатия арқылы да тереңдей түсуде. Еліміз дүниежүзі деңгейінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін тұрақты түрде өткізіп, бүкіл адамзатты діни татулық пен ортақ мақсатқа үндеп келеді», – деді Бас мүфти.

Сонымен қатар сапардың мәніне тоқталып, «Бұл іс-сапар Қазақстанның діни саясатындағы байыпты бағытты, дәстүрлі ислам құндылықтарын және толерантты ұстанымды халықаралық деңгейде таныстыруға бағытталған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебін жан-жақты дәріптеу жұмысын жалғастырып келеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында шетелдегі отандастармен рухани байланысты нығайту мәселесі де қозғалды. «Бұл сапар АҚШ-та тұратын отандастармен рухани байланысты күшейтуге оң ықпал етеді. Елшілік пен ҚМДБ арасындағы өзара үйлесімді жұмыс шетелдегі қазақстандықтардың діни сауаттылығын арттыруға, ұлттық және рухани болмысты сақтауға ықпал етеді деп есептеймін», – деді Бас мүфти.

Сөз соңында Бас мүфти Рауан Манатұлына Нью-Йорк қаласындағы қызметіне табыс тілеп, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.




Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру