ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

01 желтоқсан 2023 870 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Қызылорда облысының бас имамы болып Дастан Құрманбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Алматы қаласы «Орбита-3» мешітінің имамы қызметін атқарды.

Жаңадан тағайындалған бас имамды Сыр жұртшылығына ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков таныстырды. Діни басқарма өкілі облыстық «Ақмешті-Сырдария» орталық мешітінде «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» тақырыбында жұма уағызын айтып, жамағатқа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығын оқып берді. Жаңадан тағайындалған бас имамның алдағы қызметіне сәттілік пен береке тіледі. Дастан Жанасұлы – Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, Қызылорда облысында көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан имам.

Бұдан кейін Смайыл Сүйерқұлұлы Қызылорда өңірінде бес жыл бас имам қызметін атқарған Болатбек Ұласқанұлының иығына шапан жауып, дінге, елге еткен еңбегі үшін алғыс білдірді.  

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру