Т.Бигелдинов: «Дұға – мұсылманның қорғаны» (ВИДЕО)

09 мамыр 2019 8690 0
Оқу режимі

Соңғы жылдары қазақтың қаһарман ұлы Талғат Бигелдинов қоғамнан оқшау өмір сүргендей сезілді. Батырмен сұхбаттасу талай тілшінің қол жетпес мақсаты болды. Біз де батырмен тілдесудің орайлы сәтін таппадық. Атамыз да, апамыз да қаламады шамасы.

2011 жылдың желтоқсан айы. Діни басқарманың баспасөз хатшысы қызметіне қабылданған кезім. Ол кезде Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі еді. Бір күні мүфтиден Талғат Бигелдиновтың қажылыққа барғаны туралы естідім. Кейіннен білсем, Әбсаттар қажы ұшқыш-батырдың қажылыққа баруына ықпал етіпті.

Әбсаттар Бағысбайұлы Талғат Жақыпбекұлы жайлы, оның қалай қажылыққа барғаны туралы айтып берді. Бас мүфтиді араға салып, Бигелдиновтен сұхбат алсам ғой деген ой маза берер емес. Қажылық парызын өтегені жайлы хабар бізді одан сайын қамшылады.

«Құдайсыз қурай да сынбайды» демей ме? Қанша жерден тырысқанмен, орайы келмеді, сонда да сәті түспей қойды. Сөйтіп жүргенде Әбсаттар қажы Алматыдағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалды. Мұсылмандардың құрылтайын өткізіп, Шығыстану институтына шығарып салдық.

Ақпан айының 19-ы болатын. Қазақстан мұсылмандарының құрылтайында Ержан қажы Малғажыұлының кандидатурасын бірауыздан қолдап, сайладық. Ә дегенше көктем келіп, мамыр айы да жетті. 9 мамырда соғыс ардагерлерінің ахуалын сұрап, сұхбаттасып шығатын дәстүр бар емес пе?

Бас мүфти бастап, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қоштап, Талғат Жақыпбекұлының жанұясына бардық. Аңыз адам дінбасына құрмет білдіріп, Ержан қажы Малғажыұлын есік алдынан өзі күтіп алды. Қадамы нық. Жүрісі ширақ. Сөзі де мірдің оғындай. Жүзге жақындап қалған қария деп айта алмайсыз. Осы күнге дейін кітап оқу әдетінен танған емес.

Жолдасы Орындыбике апамыз ет асып қойған екен. Дастарханға отырғанда: «Ағаларыңның бөлек тамағы бар. Ол – саумалы қымыз. Тек соны ішеді», – деді.

«Біле білсеңдер, денсаулықтың мықты болу сыры саумалыда, қарақтарым», – деп күлімсіреді. «Сонда қалай?» деп таңырқай қараған түрімізді көріп, сөзін жалғады:

«Әжем Қадиша марқұм 101 жасында дүниеден өтті. Үнемі саумалы ішетін. Бізге де беретін. Өзі ауру-сырқау дегенді білмейтін. Біз бала кезімізден бастап бие сүтін ішуді әдетке айналдырдық. Соның себебі ғой, Құдай жарылқап, қартайсақ та сыр бермей жүргеніміз», – деп қарқылдап бір күліп алды.

Батырмен біраз әңгімелестік. Өзі де қуанып қалды. Әсіресе, менің төбем көкке бір елі жетпей тұр... Өйтпегенде ше? Суретін тек кітаптан көріп, теледидардан тамашалайтын әйгілі ұшқыш алдымызда отыр. Бетпе-бет сұхбаттастық. Орындыбике апамның: «Анауыңды әрі тарт, жазушы болма», – дегеніне қарамастан, ұрланып, сол әңгімені «пысықсынып», диктофонға жазып алыппын. Сұхбатты сол қалпында беріп отырмыз.

Ержан қажы Малғажыұлы: Талғат аға, ұшаққа отырғанда ең алдымен не нәрсе есіңізге түсетін еді?

Талғат Бигелдинов: Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем діндар болатын. Бізді имандылыққа, инабаттылыққа үйретті. Жаны таза жан болды, жарықтық. Бізге күнде кешке жатарда дұға айтқызып, ұйықтататын. Маған мынадай бір дұғаны үйретіп, құлағыма әбден сіңдіріп тастапты. Арапшасын айтып, жаттатқызды.

Ержан қажы Малғажыұлы: Ол қандай дұға еді сонда?

Талғат Бигелдинов: «Бисмилләһи, тәуәккәлту ъалал-лаһу уә лә хаула уә лә қууатә иллә биллә».

Ержан қажы Малғажыұлы: Үйден, яғни сапарға шыққанда айтылатын дұға ғой. Мұның мағынасы: «Ей, Алла, өзіңе өзімді тапсырдым, түрлі қауіп-қатерден сақтай гөр. Тәуекел еттім». Әжеңіз сізге күшті дұға үйреткен екен.

Талғат Бигелдинов: Иә, бірақ біз оның мағынасын бала кезде түсіне бермедік қой. Қанша рет ұшсам да, ұшаққа отыра сала осы дұғаны оқитынмын. Оны орыстар түсінбейтін. «Не айтып жатырсың?» – деп сұрайтын. «Бұл менің ұшар алдындағы Құдайға құлшылығым» деп жауап берем.

Аллаға шүкір, осы дұғаны айтып, аман қалдым. Дұға маған көп көмектесті. Иманды адамды Құдайдың өзі қорғап жүретінін сонда білдім. Дұға – мұсылманның қорғаны. Сіздер, дін адамдары оны жақсы білесіздер.

Ержан қажы Малғажыұлы: Дұрыс айтасыз, Талғат аға! Дұға – мұсылманның қаруы деген. Қуатты болыңыз, шаршамаңыз, аға. Бізге де батаңызды беріп, дұға жасап қойсаңыз.

Талғат Бигелдинов: Айналайын, Ержан балам, жортқанда жолдарың болсын. Алла қолдасын, қарағым. Халық алдында жүздерің жарық болсын.

Содан бері Талғат Бигелдиновтың отбасымен ахуал сұрасып тұрушы ек. Дәм-тұзы таусылған екен. Не шара? Жаны жәннатта болғай. Алла алдынан жарылқап, иманы өзіне жолдас болсын деп тілейміз.

Әкесі Жақып пайғамбар есімімен аттас. Бұл да кездейсоқ емес. Соған қарағанда, Талғат атаның әжесі, жалпы әулеті дінге жақын болған деседі. Өзі де қажылық парызын өтеді. Өмірін өнегемен өрнектеген, аты аңызға айналған Талғат Жақыпбекұлын Жаратқанның өзі жарылқасын.

Отанын қорғаған пенде о дүниеде Алланың алдында абыройы асқақтап, ардақты құлдарының қатарына қосылады деседі ғұламалар. Дәйім солай болғай.

Өмірден өткен ізгілер: «Отанды сүю – иманнан», – деген екен. Алланың ардақты елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген екен...
 

 

  •  

Дереккөз: Жазып алған, Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы

Пікірлер Кіру