«ТАҢ НЫҒМЕТІ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ (ФОТО)

27 сәуір 2023 2879 0
Оқу режимі

Бүгін Астана төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде РАТТ мүшесі, журналист, исламтанушы Айша Кеңесбайдың «Таң нығметі» кітабы мен «Берекелі күн» мотивациялық күнделігінің таныстырылымы өтті.

Әйел жамағатына арналған кездесуде автор кітабында қамтылған тың ақпараттармен бөлісіп,  ұйқының маңыздылығын атап өтті.

Автор шығармасында Күндізгі тіршілік тәртібі, күндізгі және түнгі ұйқы, түс көру мен оны жору, т.б. құпия құбылыстар арқылы адамға өзін-өзі тануға дәйекті дәлелдер келтіреді. ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің оң қорытындысы берілген бұл кітапта таңмен таласып ұйықтамау, тіршілік дағдысын қалыптастыру барысында ризықтар мен қажеттіліктерін таңсәріден тапқан ұлы тұлғалар жетістіктерінің мысалымен берілген. Еңбекте өмірді өзгертуге қатысты адамның өз құзырына тиесілі тұстары, жаңа әдеттер қалыптастыру нәтижесінде биік мақсаттар мен белестерді бағындыруға болатын бағыттар ұсынылады.

Жиын соңында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Астана қаласы бойынша жетекшісі Эльмира Бұқарбаева сөз сөйлеп, Айша Кеңесбайға өз алғысын білдірді. Әйел жамағаты өз ұсыныс-пікірлерін айтып, сұрақтар қойды.

Айта кетейік, күні кеше Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Берекелі күн» мотивациялық күнделігінің тұсаукесері өтіп, автордың бір-бірін толықтырып тұрған қос еңбегінің таныстырылымы өткен болатын.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру