ЗАҒИП ЖАНДАРҒА БРАЙЛЬ ҚАРПІНДЕГІ ҚҰРАН КӘРІМ ТАРТУ ЕТІЛДІ

10 қыркүйек 2026 16 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға барып, зағип жандармен жүздесті.

Мәуліт айына орай ұйымдастырылған кездесуде қала бас имамы кітапхана қорына Брайль жүйесімен оқуға арналған Құран Кәрімнің көптомдық басылымын тарту етті. Қасиетті кітаптың арнайы басылымы көзі көрмейтін жандардың Құранды өз бетінше оқып, рухани білімін толықтыруына мүмкіндік беретін құнды сый болды.

Жүздесуде Нұрбек қажы Әуесханұлы ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді қасиетті Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында тағылымды насихат айтты.

Ал «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы Мәуліт жырын оқып, жамағат болып Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтылды.

Берекелі дастархан басында ақсақалдар мен әжелер өз өнерлерін ортаға салып, күй күмбірлеп, дәстүрлі ән шырқалды. Мәуліт айының құрметіне арнайы әзірленген «Мәуліт сыйы» қорапшалары да тарту етілді.

Қасиетті кітапты қабыл алған ақсақалдар мен әжелер ерекше қуанышқа бөленіп, қала бас имамына ақжарма алғыстарын жеткізді. «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кітапхананың Брайль жүйесі бойынша оқытушысы Бақытжамал Кәрібайқызы бастаған кітапхана ұжымы да көрсетілген құрмет пен жасалған сыйға ризашылықтарын білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру