ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ МЕШІТ ЖАСТАРЫНА НАСИХАТ АЙТТЫ
Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Шалқар Жолды «Әл-Фараби» мешітінде жастарға арнап «Нашақорлық – құрдымға кетіреді» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Кездесуде есірткіге тәуелділіктің адам өміріне, отбасына және қоғамға тигізетін кері әсері сөз болды. Ұстаз жастарды өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.
Сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың, бос уақытты тиімді өткізудің және жақсы орта таңдаудың маңызы түсіндірілді. Шалқар Жолды адамды теріс жолға жетелейтін әдеттердің алғашында елеусіз көрінгенімен, оның соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін айтып, әрбір қадамға байыппен қарауға шақырды.
Уағыз барысында жастардың діни және рухани сауатын арттыру, жаман әдеттерден сақтану, ата-ана мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну мәселелеріне де тоқталды.
Кездесу соңында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұстаздан жауап алды.




Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі