Қадір түні қандай түн?

18 мамыр 2020 14396 0
Оқу режимі

Қасиетті Қадір түнінің артықшылығы мен белгілері жайлы, жалпы қандай түн екендігі туралы мәлімет берсеңіздер екен...


Жауап

Алла Тағала мұсылман үмбетіне бұрынғы үмбеттерге қарағанда көп жеңілдіктерді берген. Мысалы, бұрынғы үмбеттерде арнайы құлшылыққа арналған орында ғана ғибадат жасалса, мұсылмандарға барлық жер мешіт саналып, қалаған жерінде құлшылық жасау еркіндігі берілді. Бұрынғы үмбеттерде соғыстан тапқан олжа харам саналды, ал пайғамбарымызға соғыстан түскен олжа адал етілді. Қасиетті Қадір түні де мұсылмандарға ғана тән. Қадір түнінің ерекшелігі ретінде бұл түні орындалған құлшылықтың жай уақыттардағы мың айлық ғибадатқа тең келетіндігін айтуға болады.

Қадір түні деп аталу себебі

1. Бұл түн аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі «لَيلَةُ القَدر» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түн басқа түндерден орны ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Сондықтан атына заты сай «қадір түні» деп аталған.

2. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі Қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады.

Қадір түнінің маңыздылығы

Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады»[1], – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.

Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – Қадір түні. Ал, ең қорқынышты түн адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады.

1. Құран – Қадір түнінде түскен.

Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген: «Рамазан – адамдарға тура жол нұс­қаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай»[2].

Ал, рамазан айының ішіндегі Қадір түнінде Құранның түскендігі жайында «қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген: «Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

2. Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн.

«Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі»[3].

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады»[4].

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

3. Тыныштық пен есендікке бөленетін, тозақ азабынан құтылатын түн. «Бұл түнде таң атқанша (Алла Тағаланың) сәлемі жалғаса­ды»[5] – делінген.

4. Мың айдан қайырлы.  «Қадір түні мың айдан қайырлы»[6].

Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

5. Қате, кемшіліктер, күнәлар кешіріледі. Хадис шәріпте: «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»[7], – делінген.

6. Қадір түні берекелі түн. Құранда Алла Тағала: «Біз Құранды берекелі түнде түсірдік»[8], – дейді.

«Қадір» сүресі

«Қадр» сүресі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мекке кезеңінде түскен. Бұл сүре бес аяттан тұрады. Онда:

إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ {1} وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ {2} لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ {3} تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ {4} سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ {5}

«Шын мәніне Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан артық. Ол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін періштелер және Рух (Жәбірейіл періште) түседі. Бұл түнде таң атқанша (Алла Тағаланың) сәлемі жалғаса­ды», – делінген.

Қадір түні рамазанның қай түніне тура келеді?

Алла Тағала бұл өмірді сынақ ретінде жаратқан. Сондықтан да өмір ішіне өлімді, адамдар арасына әулие құлдарын, дұғаның қабыл болатын сәтін жұма күнінің белгілі бір уақытына жасырған. Осы ретпен рамазан айының қай түні Қадір түні екенін де ашық білдірмеген.

Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғана білген. Алайда, әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оны ұмыттырған.

Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер»,[9] – деген.

Ибн Аузағи (р.а.) және Суфян ибн Ұяйнаның (р.а.) риуаятында: «Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ (с.ғ.с.) біздерге сол түні ұйықтамауды бұйырған» [10], – делінген.

Икримадан жеткен хадисте Ибн Аббас былай дейді: «Омар (р.а.) сахабаларды жанына шақырып Қадір түні жайлы сұрайды. Барлығы қадір түні рамазан айының соңғы он күнінде екендігін айтады. Сонда Ибн Аббас Омарға:
– Мен қадір түні қай түн екендігін білемін, – деді. Омар (р.а.) қай түн екенін сұрады. Ибн Аббас:
– Соңғы он күннің жетеуі өткенде (27-і) немесе жетеуі қалғанда (23-і), – дейді. Омар:
– Сен мұны қайдан білдің? – деді. Ибн Аббас:
– Алла Тағала аспанды жеті қабат етіп жаратты, жерді де жеті қабат жаратты, жеті күнді жаратты, ғасыр жетіде айналады, адам жетіден жаратылды, жеті нәрсені жейді, жеті ағзасымен сәжде етеді. Тауап жасау жеті, тас лақтыру жеті. Содан білдім, – дейді. Сонда Омар:
– Сен біз білмегенді білген екенсің, – дейді.

Жалпы алғанда, бұл хадистер рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда, мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізу жеткілікті деуге болмайды. Сол үшін де бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман барлық күндерін осы қадір түні секілді біліп, маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, қадір түніне де дөп басуы мүмкін. Ата-бабаларымыз «әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл» дегеніне сай рамазанның барлық түнін ғибадатпен өткізсек, қадір түнін өткізіп алмас едік.

Қадір түнінің белгісі

Әбу ибн Кағб Алла елшісінен (с.ғ.с.) қадір түнінің белгілері жайлы мынадай деректер жеткізген:

Ол түн тыныш болады. Қатты ыстық я қатты салқын да емес. Алла Тағала кейбір адамдарға түсінде немесе өңінде білдіреді. Сол түннің нұрлы екенін көреді. Кейде жүрегіне осы Қадір түні екендігі білдіріледі. Алла Тағала барлығын білуші[11].

Әбу Дәуіт: «Қадір түнінің таңында күн шуақсыз туады. Көтерілгенге дейін бір табақ секілді болып көрінеді» дейді (Мүслим).

Қадір түніндегі құлшылықтар

Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні»[12] деген.

Айша (р.а.) анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Қадір түні қалай дұға етемін деп сұрағанда Алла елшісі (с.ғ.м.): «Уа, Раббым, Сен, әрине, кешірімдісің, жомартсың. Кешірімді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!»[13] деп дұға ет дейді.

Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп қана жаратқан. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намаз оқып, Аллаға жақындататын іс жасаған абзал.

Расулалла (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» дейді.

Құран оқу, өзі үшін, әке-шешесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін дұға ету, күнәларынан тәубе ету, уағыз-насихат тыңдау Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне апарар төте жол болмақ.

 

 

[1] Ибн Мәжә, Сиам 1634
[2] «Бақара» сүресі, 185-аят.
[3] «Қадір» сүресі 4 аят
[4] Ахмад 10316
[5] «Қадір» сүресі 5 аят
[6] «Қадір» сүресі 3 аят
[7] Бухари, Муслим,
[8] Духан сүресі 3 аят.
[9] Муслим, Сиам, «лаулатул қадр» 1992
[10] Муслим, Ахмад, Абу Дауд и Тирмизи
[11] Мажмуал фатауа 25/285
[12] Абдулла Ибни Әюб, қасиетті күндермен-түндердің артықшылығы, 65
[13] Тирмизи 3/170

Пікірлер Кіру